Ақтөбе облысында үздік мұғалімдер мен білім беру ұйымдары марапатталды

Ақтөбе облысында үздік мұғалімдер мен білім беру ұйымдары марапатталды

26 тамыз күні облыс әкімдігінде облыс ұстаздарының «Білім – елдің тұрақты дамуының кепілі» атты жыл сайынғы дәстүрлі тамыз пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырыстың жұмысына Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіподақ ұйымдарының төрағасы, педагогтар мен ата-аналар қатысты.
Шараға қатысушылармен амандасқан облыс әкімі мұғалім мамандығының маңыздылығын, мемлекет тарапынан осы мамандықтың құндылығы мен мәртебесін көтеруге, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті жас мұғалімдерді дайындауға жан жақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Оңдасын Оразалин: ««Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі». Мұны Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтпады. Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының мұғалімнен алған білімі. Білім саласындағы реформалар осыған басымдық бергенде ғана мұғалімнің шынайы мәртебесі анықталады. Педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Педагог мәртебесі туралы Заң мұғалім мәртебесінің қоғамдағы беделін шынайы көтеруге бағытталған. Осы мақсатта «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі, «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы, біржолғы сыйақы төлемдері тағайындалды. Алдағы уақытта да бұл қолдау жалғасын табатын болады»,- деп сендірді.
Жиын кезінде облыс әкімі білім басқармасы мен мұғалімдердің алдына білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көтеруге бағытталған бірқатар міндеттер қойды.
Облыс әкімі: «Біздің бүгінгі стратегиялық бағытымыз – әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді пайдаланып, өз еліміздегі даму, өркендеу сатысындағы игі істерді ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып ұрпақты тәрбиелеу»,- деп атап өтті.
Биыл тамыз жиыны инновацияларды енгізу, техникалық және кәсіби оқу мекемелерінің қалыптасуы мен дамуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды өзекті сұрақтарды талқылайтын диалог алаңы болды.

Жиын соңында облыстың 15 үздік ұстазына ҚР білім және ғылым министрлігінің төсбелгісі, тағы жиырма ұстазға облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай марапаты табысталды. Бұдан өзге, «Үздік білім беру ұйымы» облыстық байқауының жеңімпаздарына сертификаттар берілді. Олар: М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, Новый орта мектебі, Шалқар қаласының №1 мектеп-гимназиясы және Ойыл ауданындағы Ш. Бекмұхамбетова атындағы орта мектеп.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі