Ақтөбе облысы әкімінің 2021-2022 оқу жылғы білім гранттарының алғашқы иегерлері анықталды

Ақтөбе облысы әкімінің 2021-2022 оқу жылғы білім гранттарының алғашқы иегерлері анықталды

20 тамыз, жұма күні өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен арнайы комиссияның отырысында 2021-2022 оқу жылғы облыстық білім гранттарының алғашқы иегерлері анықталды
Алдағы оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша 51 маманды және резидентура бағдарламалары бойынша облыстағы ең тапшы мамандықтар бойынша 29 маман даярлауға 80 облыстық грант бөлінген.
Атап айтқанда, гранттар математика, физика, химия пәні мен бастауыш сынып мұғалімдерін, медицина мамандарын, агрономдарды, ақпараттық технологиялар, спорт және мәдениет саласындағы мамандарды даярлауға бағытталады.
20 тамызда комиссия мүшелері бакалавриатқа түсетін грант иегерлерінің тізімін жасады. 25 тамызда резидентуралық грант иегерлерінің есімдері белгілі болады.
«Грант иегерлерінің әрқайсысымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз. Барлығы оқуды аяқтағаннан кейін кемінде бес жыл Ақтөбе облысында жұмыс істейтінін анық түсінуі керек. Біз сол үшін олардың оқуын қаржыландырамыз, тапшы кадрларды дайындаймыз», - деп баса айтқан Ондасын Оразалин грант иегерлерінің үлгеріміне қатысты мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске салайық, облыс әкімінің гранттары 2018 жылдан бері беріліп келеді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі