Облыс әкімі Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шықты

Облыс әкімі Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шықты
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі автокөлік жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда Ә.Молдағұлова даңғылынан М.Оспанов көшесіне дейінгі жерге асфальт жабындысының бірінші қабаты төселді. Шақпақтасты-мастикалық асфальт бетонының екінші қабатын жол жөндеушілер ауа райының қолайлығына қарай бекітілген технологиялық тәртіпте төсейді. Айта кетейік, екінші қабатты төсеу жұмыстарының алдында сол жердегі қозғалыс кептелісті болдырмай, қала тұрғындарына қолайлы болу үшін ашық болады.
Өңір басшысы «Оңтүстік айналма» автокөлік жолын қалпына келтіру барысын да қарап шықты. Бұдан бұрын осы автомагистральдің 6,5 шақырымы жаңартылған, биыл жұмыс 7,2 шақырым жерде жүргізіліп жатыр. «КТП» ЖШС және «Ерхат жолдары» ЖШС мердігер мекемелері жобаның жүзеге асырылуы жайында есеп берді. Жол құрылысымен қатар жарықтандыру жүйесін монтаждау, жаяужолдарды ретке келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Облыс әкімі асфальт төсеу жұмыстарын аяқтап, автокөлік қозғалысын қазан айының үшінші онкүндігінен кешіктірмей ашуды тапсырды. Сонымен бірге, Оңдасын Оразалин жол жабындысының жоғары сапалы материалмен қамтылуына ерекше көңіл бөлді.
Осы жылдың аяғында Ақтөбеде «West Smart Trading» ЖШС-нің мәліметтерді өңдеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Облыс әкімі орталық ғимаратының құрылыс барысын қарап шықты. Жобаға құйылған инвестиция көлемі - 13,8 млрд. теңге. ​ Орталық 5 петабайт көлеміндегі мәліметтерді сақтап, ​ өңдеуді қарастырады.
Бұдан өзге, Оңдасын Оразалин күрделі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталатын «Сазды» мәдениет үйінде болды. Ғимараттың шатыры, жылу жүйесі мен электр желілері жаңартылады. Осы мәдениет үйіндегі 9 үйірмеге барып жүрген 250-ден астам бала жұмыстың тезірек аяқталуын күтіп жүр.
«Ақша бөлінді, енді бәрін қатаң назарда ұстаңыздар»,- деді облыс әкімі мәдениет үйінің басшысына. Сонымен қатар Сазды ауылында биыл футбол алаңы орнатылатын орын да анықталды. Бұл туралы ауыл тұрғындары әкіммен кездесу кезінде сұрады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі