Оңдасын Оразалин: Спортпен шұғылданатын орталықтар барлығына қолжетімді болу керек

Оңдасын Оразалин: Спортпен шұғылданатын орталықтар барлығына қолжетімді болу керек
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын тұрғындардың санын, әсіресе өскелең ұрпақты көбейтуді тапсырды. Тиісті тапсырма 12 тамыз, бейсенбі күні Ақтөбедегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін аралау кезінде берілді.
"Қолда бар спорттық секцияларды, клубтарды барынша тиімді пайдаланып, жаңаларын ашу қажет. Бұқаралық және балалар спортының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек",- деді О.Оразалин.
№ 4 күрес бойынша ОБЖСМ-нің материалдық-техникалық қамтылуымен танысып шыққан облыс әкімі әкімшіліктің балаларды осы спорт түрімен қамту үшін мектеп аумағында тағы бір ғимарат салу туралы өтінішін қолдады. Айта кетейік, күрес секциялары ақтөбеліктер арасында дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту тапсырылды.
№ 1 БЖСМ-де өңір басшысы құзырлы органдарға қабырғалардағы жарықтың себебін кідіртпей анықтап, егер ғимараттың қауіпсіздігіне зиян келтірмесе жоюды тапсырды. Нысан 2016 жылы пайдалануға берілген.
Өңір басшысы абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған триатлон паркін де қарап шықты. Қазіргі таңда мұндағы жүгіретін және велосипед жүретін жолдар 100% дайын, жарық орнатылды, суару жүйесі жолға қойылды. Халықтың қалауы бойынша жаяужолдар да жасалады. Арка іспетті үлкен LED-экран орнатылады.
Облыс әкімі триатлон паркінің ақтөбеліктер үшін барынша қолайлы қоғамдық кеңістік болуын атап өтті.
"Жас пен жыл мезгіліне қарамастан мұнда бәріне, яғни спортпен кәсіби шұғалданатындарға да, жай жаяу жүріп қайтқысы келетіндерге де ыңғайлы болу керек. Барлық спорттық нысандарда қолайлы жағдай жасап, халыққа барынша қолжетімді ету қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту - басым міндеттердің бірі",- деді О.Оразалин.
Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған барлығы 32 спорт мектебі жұмыс жасайды, онда 19 мыңнан аса бала жаттығады, тағы 36 мың бала аула клубтарына барып жүр. Биыл БЖСМ-нің жаттықтырушы-оқытушыларының штаты көбейіп, 105 адамға артты.
Барлық аудандық БЖСМ-нің ауылдық округтерде филиалдары бар. Бүгінде 62 ауылда БЖСМ филиалдары жұмыс жасап тұр. Айта кету керек, БЖСМ-нің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2019 жылы 40 млн теңге, ал былтыр 115 млн теңге бөлінген.
Спортпен шұғылдануға ниетті ақтөбеліктер үшін барлығы 1800-ден аса спорт нысандары қолжетімді. Сонымен бірге, жаңа спорт нысандарының, соның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасуда.
Мәселен, жыл басынан бері Ақтөбе қаласында шаңғы роллері трассасы мен Ойыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қарғалы, Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарының аудан орталықтарында, сонымен қатар, Хромтау ауданының Көктау ауылында бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. «Самрұқ – Қазына - Трасттің» қолдауымен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында БЖСМ жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу басталды. Жарын облыстағы барлық аудан дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтылады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбеде триатлон паркінің құрылысы аяқталып, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында биыл физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін және
Жарқамыс, Жарлы, Жағабұлак пен Құрылыс ауылдарында төрт спорт кешенін салу үшін қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы халқының 32%-дан астамы дене шынықтыру жаттығуларымен және спортпен қамтылған.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі