30 шілде, жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралап шығып, облыс орталығын дамытатын бірқатар жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Өңір басшысы жаңа облыстық перинаталды орталықтың құрылыс барысын қарап шықты. Нысан 2017 жылы тұрғызыла бастаған, биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Медициналық мекеменің кереует қоры 190 кереует, ал кеңес беру-диагностикалық орталық бір ауысымда 120 келушіге арналған.
Оңдасын Оразалин сондай-ақ, Құрашасай тұрғын үй алабында да болды. Ондағы Абай, М.Әуезов, Әбілқайыр хан көшелеріндегі автокөлік жолдары мен ұзындығы 3,1 мың метрден асатын сумен жабдықтау желілері күрделі жөнделіп жатыр. Жоба аяқталысымен осы жылдың қазан айында 75 үй сумен қамтылады. Жергілікті тұрғындар облыс әкіміне жаяужолдар салып, екі мектепке апаратын жолдарды асфальттауды өтінді.
Оңдасын Оразалин: «Мұндай проблема тек Құрашасайда ғана емес, басқа елді мекендерде де бар. Жер телімдері берілген, бірақ, инфрақұрылым жоқ – не су, не электр желілері, не газ тартылмаған. Қазір соны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бір-екі ай күтсеңіздер – Құрашасайды сумен қамтитын боламыз. Мектепке апаратын жолдарға келер болсақ, оларды келесі жылы, ал жаяужолды биыл саламыз»,- деді өңір басшысы.
Батыс-3 жаңа тұрғын үй алабын сумен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Сумен қамту желілерінің құрылысы былтыр қараша айында басталған болатын, 2022 жылы қаңтар айында аяқталмақ. Жоба тұрғын үй алабының 100 мың тұрғынын немесе 3 мың гектарын сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ауданындағы, Әз-Наурыз көшесі бойындағы автокөлік жолдарының, Тұрғындар қалашығы ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Тұрғындар қалашығы ауданында қыркүйекке дейін жалпы аумағы 28 мың м2 болатын барлығы 32 ауланың жөндеу жұмыстары аяқталады.
Ақтөбеліктер көп күткен Кірпішті ауылындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірден «Ақтөбе – Орск» (Ақжар тас жолы) автокөлік жолына дейінгі жол бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылып, жарын аяқталады. Ұзындығы 9,2 шақырымнан асатын автокөлік жолы күрделі жөнделеді. Сонымен бірге, тас жол екі жолақтан, төрт жолаққа кеңейтіледі. Жобамен танысып шыққан облыс әкімі жол бойында өсіп жатқан талдарды кеспей, басқа жерге отырғызуды тапсырды.
Бұдан өзге, Оңдасын Оразалин Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабындағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын қарап шықты. Нысан биыл желтоқсан айында аяқталып, 135 отбасы қоныстой тойлайтын болады. Осы жылы өңірде кемінде 1 млн м2 тұрғын үй салынады.
Қаланы аралап шыққан облыс басшысы жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.