Оңдасын Оразалин еңбек құқығы бұзылуының алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Оңдасын Оразалин еңбек құқығы бұзылуының алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды
29 шілде күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық үшжақты комиссияның әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша отырысы өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың​ Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, қазіргі күні біздің алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар барынша тиімді болуы тиіс»,- деді жиынды ашқан облыс әкімі.
Осы жылдың алғашқы алты айында Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылуының әр түрлі деректері бойынша 650-ден астам шағым түскен. Мемлекеттік инспекторлар 176 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасының 233 рет бұзылғаны анықталды.
«Анықталған заң бұзушылықтардың нәтижесінде кәсіпорын басшыларына​ 108 ұйғарым берілді​ және 10,3 млн. теңгеге 54 әкімшілік айыппұл салынды»,- деді басқарма басшысы ​ Абдухат Мырзалин.
Отырыс соңында облыс әкімі еңбекақыны уақытылы төлеу мәселесін басты назарда ұстап, халықтың табысын көтеру шараларын жүзеге асыруды жандандыруды тапсырды. Айта кетейік, былтыр облыстағы 900-ден аса кәсіпорын жұмысшыларының айлығын орташа алғанда 10%-дан 50%-ға дейін көтеріп, нәтижесінде 30 мыңға жуық ақтөбеліктің табысы артты. Осы жылдың басынан бері облыстағы 445 кәсіпорын еңбекақыны көтерген. Сондай-ақ, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында 3600-дан аса меморандум мен 280 ұжымдық келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі