Ақтөбе облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң қарқынын сақтап отыр

Ақтөбе облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң қарқынын сақтап отыр
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен бейне байланыс арқылы өткен жиында өңірдің жарты жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы қаралды.
Өңірдің макроэкономикалық жағдайы тұрақты,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес есептік кезең ішінде өнеркәсіптің физикалық көлем индексі 105,1% құрайды деп болжанып отыр.
Қаңтар-маусым айлары ішінде 955 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 101,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 2,3% көбірек.
Алдын ала есептеулер бойынша осы жылдың алты айы ішінде облыс экономикасына жалпы алғанда 276 млрд. теңге инвестиция тартылып, 367 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, жиын барысында қысқы жем-шөп дайындау мәселесі қаралды. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өңірдің басым бөлігінде бұл күндері жаңбырлы ауа-райы сақталуда. Ал ауа-райы құрғақ болып тұрған Байғанин, Шалқар және Ырғыз аудандардың әкімдері, қуаңшылыққа қарамастан қысқа жем-шөп дайындау жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және күзге қарай толық көлемде орындалатынына сендірді.
"Әдетте қысы суық болмайтын аудандар, биылғы жылы да мал жайылымда болады деп үміттеніп жүрмеңіздер. Мал азығын толық жинаңыз. Әрбір ауылдық округ, әрбір шаруа қожалығы бойынша қажетті көлемнен кем дайындамағанын нақты білу үшін талдау жүргізіңіз. Соңғы жылдары облыста мал басының өсу үрдісі байқалады. Біз мұны сақтап қалуға міндеттіміз", - деді облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин аудан басшылары жем-шөп дайындау барысына жеке бастарымен жауапты екенін атап өтіп, жұмысты қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жем-шөп дайындауға субсидия төлеуді барынша жеделдетуді және қазірден бастап оларға осы төлем түріне құжаттар ресімдеуге көмектесуді тапсырды.
Ағымдағы жылы барлығы 2,7 млн.тонна қысқы жем-шөп жинау жоспарлануда - бұл бір жарым жылға жетеді. 3 шілдедегі жағдай бойынша жоспар 30% - ға орындалды.
Сонымен қатар, жиын барысында COVID-19-ға қарсы вакцинация мәселесі де талқыланды. Коронавирустың алдын алу және вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде еңбек ұжымдарында күшейту тапсырылды.
"Екпе алу - пандемияны жеңудің жалғыз жолы. Екпеден бас тартқандар басқаларға қауіп төндіретінін түсінуі керек. Тек жаппай екпе алу ұжымдық иммунитетті дамытуға және қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті О.Оразалин.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі