7 шілде, сәрсенбі күні Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шыққан облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Aktobe Mall» сауда – ойын-сауық орталығында болды. Нысан екі кезеңде пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, осы айдың соңына қарай жалпы аумағы 44 000 м2 болатын мультфункционалды сауда – ойын-сауық орталығы ашылады. Ол жерде бренд дүкендерінен (олардың жартысы Ақтөбеде бірінші рет көрсетілетін болады) бөлек аумағы 4 400 м2-лік балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы ең үлкен жабық ойын-сауық паркі жұмыс жасайды. Екінші кезең аясында сауда орталығының аумағын 70 мың м2-ге дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұдан өзге, Сәңкібай батыр даңғылы бойымен, Едіге батыр даңғылынан «Aktobe Mall» сауда – ойын-сауық орталығына дейін амфитеатр, субұрқақ және т.б. заманауи қыдыратын аймақ салынады.
Жобаның жалпы құны – 5 млрд теңге. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бірінші кезеңде 600 адамға дейін, толық пайдалануға берілген соң мың адам жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ, облыс әкімі «A-Textile» ЖШС-нің Ақтөбе тігін фабрикасында болды. 8 ай жұмыс жасаған Фабрика өндірістік қуаттылығын жылына 240 мың бұйымға дейін өсіріп, алпыс адамды жұмыспен қамтыды. Жыл соңына дейін тағы 90 адам жұмысқа алынып, өндірістік қуаттылығы 3,5 есе өседі деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда фабрикада трикотаж футболкалар, спортшылар киетін қысқа жеңді тоқыма көйлектер, спорттық костюмдер және т.б. тігіледі.
«Тұтынушылар киімнің белгілі бір үлгісіне өздері тапсырыс бере алады. Киімді таза мақтадан тіккенбіз, алайда нарықта синтетикаға да сұраныс бар, қазір маталардың партиясы келе жатыр»,- деді фабриканың басшысы Әлімжан Жалбаторов.
Бұдан басқа, оның сөзінше, жуырда күртеше, желбегей, шолақ жеңді киім сияқты сырт киімдер тігетін құрал қойылады.
Облыс әкімі: «Мұндағы киімдер қазіргі заман талабына сай және сұранысқа жауап бере алатын өнімдер. Ендігі кезекте аймақ тұрғындарына сапалы әрі арзан бағадағы отандық өнімдерді кеңінен насихаттауымыз қажет. Ішкі нарықты толықтырып барып, ақтөбелік брэнд үлгісіндегі дайын өнімдерді алыс-жақын шетелдерге жіберу жолдарын қарастыру қажет»,- деп тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Батыс-2 шағын ауданында жаңадан ашылған «Көктөбе» қонақ үйінің жұмысымен танысты. Жоба құны – 2 млрд теңге. Қонақ үй нөмірлерінен бөлек, келушілерге қолайлы болу үшін мәжіліс залы, мейрамхана, әсемдік салоны, фитнес зал және т.б. бар. Елу адам жұмыспен қамтылған.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі