Триатлон паркінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады

Триатлон паркінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шықты.
Өңір басшысы Жеңіс даңғылы бойындағы, 11 және 12 шағын аудандардағы, Мәскеу және Әуеқалашығы аудандарындағы ​ көппәтерлі үйлердің аулаларын абаттандыру және жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 200-ден астам аулаға асфальт төсеп, 67 балалар ойын алаңын орнату жоспарланып отыр.
Тұрғындар қалашығы ауданындағы «Алақай» театрының маңындағы гүл бағы мен 8 шағын аудандағы Жастар аллеясын абаттандыру барысымен танысып шыққан облыс әкімі мәдени демалыс орындарын ашумен қатар, қалалықтардың мәдени деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.
«Айналамызды таза ұстау өзімізге байланысты. Мемлекет мүлкін сындырып, қоғамдық орындардағы нысандарды бүлдірген адамдарға қатаң шара қолдану керек. Аймақ тұрғындары қала ішінде жүргенде өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс»,- деді Оңдасын Оразалин.
Осы жазда Ақтөбеде триатлон паркінің құрылысы аяқталады. Қазіргі таңда мұнда жүгіретін және велосипед жолдары 100% дайын. Аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Қаланы аралап болған соң облыс басшысы жұмысты көрсетілген мерзімде сапалы аяқтауларын нақты тапсырды. Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин халықтың қалауына сәйкес триатлон паркінде жаяу жүргіншілер жолын салуды тапсырды. Осылайша, жұмыс аяқталғаннан кейін триатлон паркінде тек спортпен айналысып қана қоймай, жаяу серуендеуге де болады.
Облыс әкімі: «Өздеріңіз байқағандай, қаламыздың көркін ашатын спорттық, мәдени-әлеуметтік нысандарды қайта жөндеуден өткізіп, жаңасын салуды да қарастырып жатырмыз. Бұл ретте қала тұрғындарының ұсыныс - пікірлерін де ескере отырып, барынша қолайлы жағдай туғызуымыз қажет»,- деді.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі