Ақтөбеде ҚР Парламенті Сенатының көшпелі отырысы өтті

Ақтөбеде ҚР Парламенті Сенатының көшпелі отырысы өтті
Ақтөбеде ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жергілікті атқарушы органдардың, «Отбасы банкінің» Ақтөбедегі филиалының, өңірдегі ірі құрылыс компаниялардың өкілдері қатысты.
«Бүгін біз «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы мен индустриалды аймақтардың дамуына қатысты сұрақтарды қарастырамыз. Бұл отырыста біз сіздер тап болған нақты проблемалық сұрақтарды естіп, соларды шешу үшін өздеріңіздің ұсыныстарыңызды тыңдағымыз келеді»,- деді комитет төрағасы Дәурен Әділбеков.
Ақтөбе облысында мемлекет басшысының азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары белсенді жүзеге асырылуда.
«Осы жылдың бес айы ішінде өңірде 270 мыңдай м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1,1 млн м2-ден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл дегеніңіз 7​ 250 пәтер. Бұдан өзге, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 824 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға, яғни газ, су, электрмен жабдықтау және кәріз желілеріне 11,1 млрд. теңге жібереміз»,- деді облыс әкімі.
Инвестиция тарту өңірдің дамуына қосымша серпін береді. Осы бағытта қолайлы инвестициялық жағдай жасайтын белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде «Ақтөбе» индустриалды аймағын дамыту жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының сөзінше, биыл индустриалды аймақта жалпы инвестиция көлемі 21,8 млрд. теңге болатын 5 кәсіпорында пайдалануға беріп,​ 315 жұмыс орнын ашу ​ жоспарланып отыр. Бұдан өзге, облыс аумағында «Аktobe-Gebze» арнайы индустриалды аймағын құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. ​ 450 гектар жері бөлініп те қойған.
Отырысқа қатысушылар орталық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар сұрақтарды қозғады. Олардың қатарында «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» жеңілдетілген несие бағдарламалары бойынша қарыздың сомасы мен ​ тапсырыс лимитінің өсуіне, «Батыс-2» шағын ауданында үй салатын жеке мекемеден дайын үй сатып алуға және т.б. қатысты сұрақтар бар.
Сенаторлар өңірге келген жұмыс сапары аясында тұрғын үй құрылысымен және АРБЗ, АЗФ сияқты өндіріс орындарында болып, бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмыстарымен де танысты.
Комитет хатшысы - сенатор Ерік Сұлтанов: «Ақтөбе облысында «Нұрлы жер» бағдардамасының өте жақсы жүзеге асырылып жатқанына көзіміз жетті. Сондай-ақ, соңғы кездері белсенді жаңғыртылып жатқан ірі өндіріс орындары мен Индустриалды аймақ ​ та таң қалдырды. Жалпы, Ақтөбе облысының осындай жетістіктері еліміздің өзге өңірлеріне үлгі болмақ»,- деп атап өтті.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі