Ақтөбе облысы әкімінің гранты бойынша бөлінетін мамандықтар анықталды

Ақтөбе облысы әкімінің гранты бойынша бөлінетін мамандықтар анықталды
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында облыстың білім грантын бөлу мәселесі қаралды.
Білім басқармасының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды сұранысқа ие кәсіпке даярлау үшін облысқа 80 грант бөлінбек.
Отырыста биыл грант математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдерін, тар шеңберлі медицина мамандарын, агроном, ақпараттық технология мамандарын дайындауға бөлінетін болады деп шешім қабылданды. Грант иегерлері осы жылдың 15-27 тамыз аралығында жарияланады.
Еске салайық, облыс әкімінің гранты талапкелерге 2018 жылдан бері беріліп келеді. Әрбір грант иесі оқуды аяқтаған соң мамандығы бойынша Ақтөбе облысында белгілі бір уақыт еңбек етуге міндетті.
Облыс әкімі грант иегерлерінің сабақ үлгерімін, олардың әрі қарай жұмысқа орналасуы мен ​ еңбек қызметінің сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.
Оңдасын Оразалин: «Грант алатын әрбір үміткермен алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Ол туған өлкесінің оны не үшін қаржыландырып отыратынын білуі тиіс. Сондықтан ол келешекте туған жеріне қызмет етуі керектігін анық сезінуі керек. Бұрын грант алғандармен және оқуын аяқтайын деп жатқандармен тығыз байланыста болыңыздар. Соңғы курста әрқайсысы қайда жұмыс істейтіндерін білулері керек»,- деп атап өтті. ​

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі