18 маусым, жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Ақтөбе қаласын аралап шығып, бірқатар жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Өңір басшысы Оңтүстік – Батыс1 ауданының Әбіл Тарақұлы мен Ақай Ақтан батыр көшелеріндегі жолдарды жөндеу, сонымен қатар, Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы жерасты өтпе жолын жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты.
Қаланың тарихи ауданы – Тұрғын үй қалашығын қайта жаңарту жобаларын жүзеге асыру белсенді жалғасуда. Барлығы 113 үй жаңартылуы қажет. Үйлердің шатырын, қасбетін жөндеу, аулаларды абаттандыру, спорттық алаңдар, жаяу жүргіншілер аумағын салу, шағын сәулеттік пішіндерді қалпына келтіру және т.б. жұмыстар қарастырылған. Айта кету керек, сонымен бірге, Тұрғын үй қалашығының тарихи келбеті сақталатын болады. Бұдан бұрын Оңдасын Оразалин осы жылдың тамыз айына дейін үйлердің қасбеттерін жаңартып болуларын тапсырған болатын.
Сондай-ақ, облыс әкімі 8-ші мөлтек аудандағы көпқабатты үйлердің аулаларының абаттандырылуымен және жолдарының, Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы үйлердің аулаларына кіретін жолдардың жөнделу барысымен танысты. Биыл Ақтөбеде 200-ден аса аулаға асфальт төсеп, 67 ойын алаңын орнату жоспарланып отыр.
Қаланы аралап шыққан облыс басшысы қала басшылығына жұмыстарды көрсетілген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі