Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 5 маусым, шілде күні жұмыс бабымен Шалқар ауданында болды. Сапардың мақсаты - ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу.
Жұмыс сапары Мөңке би ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысымен танысудан басталды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба осы айда бітеді. Қазіргі таңда су айдайтын мұнараны монтаждау, резервуарды орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, Мөңке би ауылында өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған «Жастар» саябағы мен жергілікті мектепті қарап шықты.
Ауыл түлектері жыл сайын соңғы қоңырау шарасы кезінде бас қосып, ауылға бір нысан салып беруді игі дәстүрге айналдырған. Мектеп ауласына жылыжай, балалар ойын алаңы, спорт алаңы, фонтан, сахна тұрғызып, ауылдың ажарын кіргізіп келеді.
Содан кейін аймақ басшысы аудан орталығы Шалқар қаласындағы жаңадан салынған 8 пәтерлі әлеуметтік үйде болды. Үйдің жаңақоныс иелері - көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға 66,5-88,6 м2 құрайтын екі-үш бөлмелі пәтерлер берілген. Үй электр жарығымен, ыстық-суық сумен, кәрізбен толықтай қамтылған.
Оңдасын Оразалин аудан басшылығына: «Қазақстандықтарды, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Мемлекет қолдауының арқасында сегіз жанұя пәтерлі болып, қуануда. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, тұрғын үйдің сапасын қатаң бақылауда ұстау керек»,- деп тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі