Ақтөбе облысы ауылшаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр

Ақтөбе облысы ауылшаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданының ауыл шаруашылығының дамуымен танысты.
Өңір басшысы 27 мамыр, бейсенбі күнгі жұмыс сапары кезінде биыл құрылған «АгроСити» шаруа қожалығында болды. Қожалық 10 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдарын, қарбыз-қауын отырғызған.
"Келесі жылы мың шаршы метрге екі жылыжай саламыз. 2025 жылға дейін жылыжай алаңын 5 мың м2 дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттің шаруаларға көрсеткен қолдауын пайдаланамыз. Субсидия алатын боламыз",- деді қожалық басшысы Тимур Құлметенов.
Өңір басшысы шаруашылықтың республикалық маңызы бар "Самара-Шымкент" автокөлік жолына жақын тұрғанын ескеріп, әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бұл өнімді тасымалдауды және сатуды жеңілдетеді.
"Мемлекеттің қолдауы бар, логистика тұрғысынан алғанда орналасқан жері жақсы. Ең бастысы - іске кәсіби тұрғыдан қарау керек. Осындай шаруашылықтарды жан жақты қолдау керек. Олар ауылдың дамуына тікелей әсер етеді",- деп атап өткен Оңдасын Оразалин аудан басшылығына шаруа қожалығына қолдау көрсетуді тапсырды.
Облыс әкімі сондай-ақ, жылқы өсірумен айналысатын «Қазақ асылдары» ЖШС-не барды. Қазіргі таңда ЖШС-де мың бас жылқы бар. Мұнда сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары белсенді қолданылады. "Агро несие корпорациясы" АҚ арқылы берілетін жеңілдетілген несиенің арқасында былтырдан бері 5 мал кешені салынып, 6 заманауи трактор, 1100 бас ірі қара мен т.б. сатып алынды. Малды жеммен қамтамасыз ету үшін биыл 1350 гектар жерге дән себілді.
Бұдан өзге, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде "Самара-Шымкент" автокөлік жолының бойында орналасқан "Кемал" кемпингінің және "Қобда орман шаруашылығы" КММ жұмысымен танысты.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі