
24 мамыр, дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Ақтөбе қаласын дамытуға қатысты жиын өтті.
Жиналыс кезінде кәріз тазарту имараттарының жағымсыз иісін бейтараптандыру, қоғамдық көлікке электронды билет енгізу, қоқыс шығару сұрақтары қаралды.
Биыл Ақтөбеде микробиологиялық әдістерді пайдалана отыра қаладағы тазарту имараттары кешенінің ағынды суларының тұнбасын кәдеге жарату жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, лай тұнбалар кәріз газдарының қалдықтарын басу үшін биопреператпен өңделеді. «Aktobe Su-Energy Group» АҚ мәліметі бойынша, өңдеудің жалпы көлемі 294 мың м2 құрайды. Бұдан өзге, ағынды суларды тазарту мақсатында күкірттен тазартатын «Ивказ» катализаторын қолдану жалғасуда.
"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында енгізілген электронды билет бүгінде қалалық бағыттағы көліктердің барлығында жұмыс жасайды. "Автопарк" ЖШС-нің 160 және "ПАТП" ЖШС-нің 90 автобусына стационарлық валидаторлар орнатылған. Осылайша, күн сайын қалалық бағытқа шығатын автобустар валидатормен 100% қамтылған. Электронды билеттендіру жүйесі төлемді көлік картасы, арнайы қосымшамен QR-код, смс және bluetooth арқылы жасауға мүмкіндік береді. Жуырда жол ақысына дифференцияланған тариф енгізілмек.
Электронды тәсілмен төленетін жолақы құны қазіргідей 80 теңге, қолмақол төлесе 150 теңге болады. Электронды билет ақша қаражатын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл 60-80% тозығы жеткен автобус паркін жаңартуға септігін тигізеді.
Бұдан өзге, қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызы бар 29 бағытын мемлекеттік қолдау үшін субсидия бөлу сұрақтары қаралды.
Жиын соңында өңір басшысы қала басшылығы мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде, қала билігіне шаhaрды абаттандыруға және қоқысты шығаруға жауапты компаниялардың қызметіне бақылауды күшейту тапсырылды. Оңдасын Уразалин қоқыстарды жинау және шығару бойынша жүйелі, үздіксіз жұмыстарды қамтамасыз ету шараларын қабылдауды талап етті.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі