Ақтөбе облысында биыл Мәртөк ауданы Казанка ауылының инфрақұрылымын дамытуға 710 млн теңге салынады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына жұмыс сапары кезінде жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Атап айтқанда, барлық қаражат 9,1 км газ құбыры, 9,1 км су құбыры және 12,2 км электр желілері сияқты инженерлік желілерді салуға жіберіледі. Инженерлік желілер негізінде, үй кезегінде тұрғандарға жеке тұрғын үй салатын жер телімін беру үшін қажет. Қазіргі таңда, Казанка ауылында 500-дей адам тұрады.
Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың ауыл мен жалпы ауданның даму келешегі туралы баяндамасын тыңдаған өңір басшысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың жүйелі шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
О.Оразалин: "Облыстың ауылдық елді мекендерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау шараларын сапалы пайдалану керек. Дегенмен мемлекет тарапынан берілген қолдауды дұрыс бағаламай, жерді пайдаланбаған, үй құрылысын жүргізбей отырған тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.",- деп тапсырды.
Қоса кетейік, бүгінде Мәртөк ауданында жеке тұрғын үй салатын жер алу кезегінде 5 216 адам тұр. Осы жылы 1288 жер телімін беру жоспарда бар.
Сондай-ақ, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде Мәртөк ауылындағы "Алтын жорға" ат спорты кешеніне де барды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иппотерапия жаттығулары жүргізіледі. Кешен сонысымен ерекше.
Мәртөк ауылында "ВиброСтрой" ЖШС-нің бетон бұйымдарын шығаратын цехын қарап шыққан облыс әкімі өнімнің жоғары сапалы әрі тұрғындар үшін қол жетімді болуын тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі