Оңдасын Оразалин ҰБТ-ның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды

Оңдасын Оразалин ҰБТ-ның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды
Облыс әкіім Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиын кезінде ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық сұрақтары талқыланды. Жиынға облыс әкімінң орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Аппарат жиналысының жұмысын ашқан облыс әкімі вакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Коронавируспен ауыру динамикасы азайып келеді. COVID-19-бен ауыратындар санының өсуіне жол бермеу мақсатында халықты вакцинациялау шараларын жандандыру керек. Бұл қорғанудың ең тиімді шарасы»,- деді Оңдасын Оразалин.
Жиын кезінде ҰБТ өткізуге дайындық мәселесі қаралды.
Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан осы жылдан бастап тестілеу форматының түбегейлі өзгергенін жеткізді.
«Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектердің өтінішітері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында on-line түрде тіркеледі. Облыс мектептеріндегі 7483 түлектің тіркелген 6603-і ҰБТ-ға қатысады. 6 және 8 мамырда өткен тестілеуді 558 түлек тапсырды. Тест тек электронды түрде, «бір тесттен өтуші – бір компьютер» қағидасымен өтеді»,- деді басқарма басшысы.
Облыста үш тестілеу орталығы бар: Шалқар ауданының Шалқар қаласында сексен орындық, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында алпыс орындық және Ақтөбе қаласында 150 орындық. Карантин шектеулеріне байланысты отыратын орындардың ең көп ​ саны елуден аспайтын болады.
Биыл алғаш рет түлектерге ҰБТ-ны екі рет ( мамыр және маусым айларында) тапсыру және ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесімен білім грантын иелену байқауына қатысу құқығы беріледі. Олар тестілеу қорытындысын аяқталған бойда біле алады.
Рұқсат етілмеген заттардың қолданылу дерегін автоматты түрде анықтайтын арнайы компьютерлік бағдарлама ережелердің сақталуын қадағалайтын болады. Бұл жағдайда тестілеу тоқтатылып, нәтижесінің күші жойылады.
Тестілеу барлық санитарлық талаптарға сәйкес өтеді.
Өңір басшысы ҰБТ-ны өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
Облыс әкімі: «Тестілеу нәтижесі – балалардың болашағы. Біз өз тарапымыздан олардың емтиханды тыныш, қолайлы жағдайда тапсырулары үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл сұраққа бүкіл жауапкершілікпен қарап, алдымен, коронавирус инфекциясын жұқтыруға жол бермей, ҰБТ-ның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, балалардың тестілеу орталықтарына барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отыра жетуін ұйымдастыру қажет»,- деп атап өтті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі