23 сәуір, жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Токиода өтетін ХХХІІ Олимпиада ойындарына қатысатын лицензия иегерлері Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виталий Худяков, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Нұрислам Санаев, еркін күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Юсуп Батырмырзаевпен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.
Аймақ басшысы барлығының сіңірген еңбегін атап өтіп, Олимпиадаға қатысу қазірдің өзінде спортшылардың өздері үшін де, олардың жаттықтырушылары үшін де үлкен жетістік екенін атап өтті.
«Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сіздер әлемдік деңгейдегі спорттық шараға қатысасыздар. Олимпиада ойындарында сіздер тек біздің облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның атынан шығасыздар. Токиодан олимпиадалық медальдармен ораласыздар деп сенемін», - деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық спортшыларға ойындарға дайындық кезінде көмек көрсетілгенін және алдағы уақытта да барлық қажетті жәрдем берілетінін айтты.
Балуан Нұрислам Санаев аймақ басшысына олимпиадашылар атынан алғысын білдірді.
«Сізбен кездесу біз үшін керемет мотивация. Ел бізге үлкен үміт артады, біз оларды ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті ол.
«Сіздердің арттарыңызда, өкінішке орай, пандемияға байланысты, жарыс кезінде қолдай алмайтын мыңдаған жанкүйерлер бар. Олардың қолдауынсыз тек өздеріңізге ғана сенуге мәжбүр боласыздар. Сондықтан ойындарға барынша дайындалу керек. Сіздерге абыроймен өнер көрсетіп, марапаттармен оралуларыңызға тілектеспін», - деді аймақ басшысы кездесу соңында.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі