Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында құрылыс саласын дамыту сұрақтары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров былтыр қаржыландыру көзі есебінен 1 млн м2 астам тұрғын үй салынып, 7186 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Инвестиция көлемі 204 млрд теңгені құрады.
Осы жылға ұзындығы 824 шақырым болатын инженерлік инфрақұрылым тартудың 58 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Жұмыс құны 11,1 млрд теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ, 4,4 млрд теңгеге 36,826 м2 несиелік тұрғын үй салынып, 4,9 млрд теңгеге алаңы 40,7 м2 болатын жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша 12 жоба жүзеге асырылды. Нұр Ақтөбе шағын ауданында, Қарғалы, Темір, Шалқар, Мәртөк және басқа да аудандарда 774 пәтер пайдалануға беріледі.
Білім беру саласында 2,142 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда, атап айтқанда, Қарғалы ауданының Бадамша ауылында осы жылы жетпіс орынға арналған интернаты бар 300 орындық мектептің, өнер мектебінің құрылысы аяқталады. Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында оқу-сауықтыру кешені, Ақтөбе қаласындағы Ащылысай ауылында 600 орындық мектеп, Темір ауданы Шұбарши ауылында алпыс орынға арналған 320 орындық мектеп, Хромтау ауданы Тамды ауылында спорт залы пайдалануға берілмек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2021» бағдарламасы аясында 5,8 млрд теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында биыл Қобда ауданы Калиновка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің, облыстық перинаталды орталықтың, Алға, Қобда, Мәртөк, Темір және Шалқар аудандарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2021» бағдарламасы аясында Ақжар, Рауан ауылдарында, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында қырық орындық дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.
Жалпы алғанда, 2021 жылы 208,4 млрд теңгеге 1,1 млн м2 тұрғын үйді, 7250 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Оңдасын Оразалин: «Жер кезегінде тұрғандарға тұрғын үй салу үшін жер телімін беру жағы қалай? Адамдар үй салу үшін жерлерін күтеді, біз коммуникациясын тартып береміз. Бірақ, жерді мақсатты пайдаланбайтындар да бар, олардан жерді қайтарып алып, шынымен үй салғысы келетіндерге беру керек»,- деп атпсырды.
Өңір басшысы әлеуметтік нысандардың құрылысына типтік жобаларды пайдалану қажеттігін атап өтті.
Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс басқару басқармасының басшысы Оксана Сопрун өткен жылы 1337 нысанның құрылысы басталғанын жеткізді.
«Облыста құрылыс-монтаждау жұмыстарын, жобалық және іздестіру қызметтерін жүргізуге шамамен 1827 лицензия бар. Өткен жылы алты техникалық қадағалау аттестатының, құрылыс-монтаждау жұмыстарының екі лицензиясының қызметі уақытша тоқтатылды. Жоспардан тыс 17 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 13 ұйғарым берілді. 18 құрылысқа тапсырыс берушіге, 8 мәрдігер ұйымға, 9 техникалық қадағалауға, 3 жобалық ұйымға қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құқық бұзушылықтары үшін 30 млн.теңге сомасында әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 97 хаттама жасалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұзақ салынып жатқан 12 құрылыс нысанының алтауы шығарылды»,- деді Оксана Сопрун.
Өңір басшысы жобалық ұйымдардың жұмыс сапысын көтеру қажеттігін атап өтті.
«Осы бағытта проблема бар. Жобалық ұйымдарға тәртіп орнатып, мойындарына алған міндеттерін сапасыз орындайтын жосықсыз мердігерлерге талдау жүргізу керек. Егер қажет болса, олар жұмыс көлемін ала алмау үшін шаралар қолданылуы тиіс. Осы жылға жоспарланған нысандардың барлығы бекітілген мерзімде аяқталу керек»,- деп тапсырды облыс әкімі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі