
Қорғаныс министрі Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына жұмыс сапарымен барып, ондағы әскери бөлімдер мен мекемелерді аралайды.
Ақтөбеде генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Әуе қорғанысы күштері әскери институтында оқу-жаттығу процесінің ұйымдастырылуын тексерді. Оған кафедралардың оқу-жаттығу материалдық базасы, оқыту сыныптарының жабдықтары көрсетілді. Әскери оқу орнының бастығы жоғары оқу орнын дамытудың келешектегі басым бағыттары, атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Институт басшылығы өздері жасап жатқан «Виртуалды әуе айлағының» жаңа жаттықтыру кешенін көрсетті. Бұл кешен жеке ұшақтар мен авиация топтарын қондыру кезінде ұшуды басқаруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен курсанттар ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қамтамасыз етудің негіздерін зерделейді. Кешеннің бағдарламалық жасақтамасы Л-39 ұшағының төрт жаттықтыру құрылғысымен және Ми-8МТ тікұшағының екі симуляторымен біріктірілген.
Бұл жаттықтыру құрылғысын институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, ал бағдарлама жасақтамасын бірінші курстың курсанты Әлихан Дәулетұлы әзірлеген.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери базаның нысандарын аралап көріп, бөлім командирінің бөлімшелердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, әскери даярлықтың жай-күйіне қатысты мәліметін тыңдады, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді орналасуымен, олардың тұрмыстық жағдайымен, қару-жарақ пен әскери техниканы сақталуын ұйымдастырумен танысты.
Қорғаныс министрі әскери базаның нысандарын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге аралады.
Нұрлан Ермекбаев осы жұмыс сапары кезінде Атырау мен Ақтау гарнизондарына да баруды жоспарлап отыр.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі