Облыс әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында еңбек дауы, кәсіпкерлікті дамыту және өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы туралы сұрақтар талқыланды.
Жиынға «Ақтөбе» ӘКК, «Атамекен» ӨКП, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалин былтыр облыста кәсіпорындар мен мекемелерге 588 тексеру жүргізіліп, 721 заңбұзушылық анықталғанын, олардың алдын алып, болдырмау үшін 471 ұйғарым берілгенін жеткізді. 13,4 млн теңгеге 47 әкімшілік айыппұл салынды. 930-дан астам кәсіпорын жұмысшыларының айлығын 10 пайыздан 40%-ға дейін (соның ішінде елуден аса орта және ірі компаниялар орташа еңбекақы мөлшерін 15%) көтерді. Жыл басынан бері бірқатар кәсіпорындар, соның ішінде мұнай саласындағы «Каспий нефть ТМЕ» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «СНПС-АТК» ЖШС, «Сағыз Петролиум» ЖШС жұмысшыларының еңбекақысы 20%, «КМК Мұнай» АҚ 6 пайыздан 20%-ға, «AltynEx Company» АҚ 25% көтерді.
Облыс әкімі: «Өкінішке қарай, еңбекақыны көтеру, еңбек қатынастары, ұжымдық келісімшартты сақтау, өндірісте жарақат алу мәселелері өзекті болып қала береді. Осыған байланысты профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, жұмыс берушілермен және жұмысшылармен тығыз байланыста болу керек»,- деп тапсырды.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов 2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің 2416 жобасы қолдау тапқанын жеткізді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда
45%-ға көбірек. 1,3 мыңнан аса субъектіге «БЖК-2025» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілді. Осы бағытта Ақтөбе облысы ҚР бойынша көшбасында тұр.
«Бағдарламаның жаңа шарттары кәсіпкерлерді белсенді етуге ықпал етіп, нәтижесінде осы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 500-ден аса жоба қолдау тапты. 2020 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 есе көбірек. Биыл кемінде 2200 жобаға қолдау көрсетіледі деп күтіліп отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 217 жобаны жүзеге асыруға 59 млрд теңге бөлінді»,- деді басқарма басшысы.
Карантин мен шектеу шараларына қарамастан пандемияға байланысты жұмыс жасап жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4,5% өсіп, 61,8 мың бірлікті құрады. Бұл саламен 154,7 мың адам айналысып, 782,5 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Ішкі туризмді дамыту шаралары қабылданып жатыр. Өткен жылы өңірге 85 050 турист келді. Туристік нысандарды насихаттау мақсатында облыста туристік бағыттар жаңартылып, барлық ауданға 12 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Байғанин, Қарғалы, Ойыл, Қобда, Мәртөк аудандарына бес потенциалды бағыт анықталды.
«Біздің өңірде ішкі туризмді дамытуға барлық жағдай бар. Қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл саланы дамытудың нәтижесінде біз туристердің көбеюіне, қызықты жобалар мен жаңа жұмыс орындарына қол жеткіземіз»,- деді өңір басшысы.
2020 жылдың қорытындысы бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 110,2% деңгейде өсті, ал бағалар көрсеткіші 102,5% құрады. Бұл ҚР бойынша ең төмен көрсеткіш.
Азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында облыс әкімі жергілікті тауар өндірушілермен мақсатты жұмыс жүргізуді, оларды ынталандырып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Иран Шархан былтыр облыстағы кәсіпорындардың 1,8 трлн. теңгеге өнім өндіргендерін айтты. Соңғы үш жылда өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 28 –ден 34,5% өскені байқалады. Бұған облыстың шикізатқа деген тәуелділіктен арылып жатқаны дәлел.
Өткен жылы 647 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 156 жұмыс орнын аша отыра 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. «Ақтөбе» индустриалды аймағында 28 жоба жүзеге асырылуда, оның сегізіне шетелдіктердің қатысы бар құны 43,7 млрд. теңге. Биыл 6,2 млрд. теңгеге жеті жоба жүзеге асырылып, жыл соңына дейін 21,8 млрд. теңгеге 5 жоба жүзеге асырылады деп күтіліп отыр. «Гебзе» ерекше индустриалды аймағын дамыту шаралары қабылданып жатыр.
2021 жылы 801 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. 54,2 млрд. теңгеге 600 жұмыс орнын ашатын он жоба пайдалануға беріледі. Ауқымдыларының қатарында «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-нің мұнай құрамды зиянды қалдықтарды қайта өңдейтін зауыты, «Global Service Company» ЖШС-нің диализатор өндіру зауыты мен т.б.
Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар тапсырмалар берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі