2025 жылға дейін Ақтөбе облысында 60,1 млн. көшет отырғызылмақ

2025 жылға дейін Ақтөбе облысында 60,1 млн. көшет отырғызылмақ
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 1200 орынға арналған «Білім» мектеп-гимназиясы салынып жатқан құрылыс алаңына барды. Кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова өңір басшысына нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 2019 жылы басталғанын айтты. Инвестор ірі жобаға 3,1 млрд теңге салған, оның 1,8 млрд теңгесі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алынған.
Оқу ғимаратының аумағы 2,6 гектар, мектепте 48 оқу сыныбы, бес компьютер кабинеті, екі шеберхана, 560 орындық акт залы, екі медициналық кабинет пен т.б. болады. Жалпы білім беретін мекеменің оқушылары он тілді үйренеді, сонымен қатар, ұзартылған күннің топтары, дамытушы үйірмелер жұмыс жасайды.
«Ауқымды жоба толығымен жеке инвестордың қаражатына жүзеге асырылуда. Инвесторлардың есебінен біз облыстың көптеген проблемаларын шеше аламыз. Мәселен, бұл әлеуметтік нысан қаладағы бірнеше мектептің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мұнда 2400 бала екі ауысымда оқитын болады»,- деді мектепті қарап шыққан облыс әкімі.
Мердігер - «Construction Group XXI»ЖШС нысанды 2021 жылдың шілде айына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.
Кейін облыс әкімі орманды қорғаумен, орман шаруашылығымен және орманды көбейтумен айналысатын Ақтөбе орман шаруашылығының қызметімен танысып шықты.
Орман шаруашылығының директоры Марат Құспанов тәлімбақ аумағы 32 гектарды құрайтынын жеткізді. Биыл 396 гектарға, жарын 2704,6 гектарға ағаш отырғызу жоспарланса, ал 2025 жылға қарай тал егетін аумақ ​ 2796,5 гектарға ұлғаятын болады. Орман шаруашылығында 102 адам еңбек етеді.
Айта кетейік, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы аумағы 215814 гектарды құрайды, соның ішінде орманды аумақ 50362 гектар, жеті орман шаруашылығы бар.
Былтыр әзірленген жоспарға сәйкес, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдары 30,7 мың гектар аумаққа 60,1 млн. екпе көшет отырғызу жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 500 мың көшет отырғызылады.
Елді мекендердің айналасында 2690 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, 4,7 млн көшет отырғызылған.
Жалпы, көгалдандыру шаралары аясында орман шаруашылықтарының тәлімбақтарында бес жылдың ішінде 95,2 млн. көшет отырғызылады.
Жоспарда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базаларын нығайту шаралары қарастырылған.
Облыстық бюджеттен осы жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 431 млн. теңге бөлінді. Жеті орман шаруашылығына 20 бірлік МТЗ-920 техникасы, ағаш егуге, оны күтуге және өртке қарсы шаралар үшін тракторлар берілді.
Сондай-ақ, 2021 жылы 26 трактор, 16 ағаш отырғызатын машина, бес соқа, төрт сорғылау стансасы сатып алынады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі