Оңдасын Оразалин: Біздің басты мақсатымыз - халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобына қолдау көрсету

Оңдасын Оразалин: Біздің басты мақсатымыз - халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобына қолдау көрсету
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Менің кәсібім – отбасымның ырысы» жобасының қатысушыларымен кездесті. Шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан отыз ана, сонымен қатар 2020 жылғы «Менің кәсібім» жобасының 10 қатысушысы қатысты.
«Біздің басты мақсатымыз – көпбалалы аналарға қолдау көрсету, олардың әлеуетін ашып, өз істерін жүргізуге көмектесу. Мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобын ешқашан назардан тыс қалдырған жоқ, оларға мемлекеттік бағдарламалардың немесе арнайы жобалардың аясында нақты қолдау көрсетіп отыр. Былтырдан бері облыста «Менің кәсібім» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы жұмысы үздік деп танылған отыз келіншек тігін машинасына ие болып, олардың 13-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, үшеуі грант алды, төртеуі тігінші болып жұмысқа орналасты, қалғаны тігін машиналарын пайдаланып отбасы кірісін көбейтіп отыр»,- деді өңір басшысы.
Айта кетейік, атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын аналарды қолдау мақсатында аталмыш жоба аясында 2020 жылы тігіншілік және қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, жоба қатысушылары бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренген болатын. бұл жұмысты өңірде жалғастыру жоспарланып отыр.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова, жоба қатысушылары үшін аспаздық шеберлік сабағын ұйымдастырған «Таксим» ЖШС басшысы Күлшат Масалимова, «Samal_cаkes» ЖК басшысы Самал Асанова өз тәжіриелерімен бөлісіп, ​ былтыр жобаға қатысқан шалқарлық жеке кәсіпкер Алмагүл Сейтова өз ісі туралы айтып берді.
Кездесу соңында отыз ақтөбелік келіншекке нан өнімдерін пісіретін техника табыс етілді.
2020 жылы өңірде 298 көпбалалы ана қысқа мерзімді кәсіби дайындық курсынан өтті. 514 көпбалалы және аз қамтылған ана 200 АЕК (555,6 мың теңге) көлемінде грант алып, өз істерін ашты.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі