Оңдасын Оразалин білім, мәдениет және спорт салаларын дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

Оңдасын Оразалин білім, мәдениет және спорт салаларын дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында білім, мәдениет және спорт салаларын дамыту сұрақтары қаралды. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан білім беру саласын дамыту бойынша негізгі индикаторлар мен көрсеткіштердің 100% орындалғанын жеткізді. Оқу процесін қашықтан жүргізуді ұйымдастыру мақсатында 24605 компьютер сатып алынған. 3-6 жас аралығындағы балалар 100%, 1-6жас аралығындағы балалар 86,3% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. 26 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Инклюзивті білім беру үшін 117 балабақша мен 303 мектепте жағдай жасалды. 110189 оқушы қосымша біліммен, 55807 спорт секцияларымен қамтылды. Бес мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымдық мектептер саны үш бірлікке азайды. Биыл 3585 орынға 26 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланып отыр, материалдық базаны нығайту үшін 208 млн. теңге бөлінбек.
Баяндамашы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өңірде жобалық қуаты 48​ 800 орын болатын 153 мектептің пайдалануға берілгенін айтты.
«Бұған қоса облыстағы 255 мектеп 30-50 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді, соның ішінде 25 мектеп саманнан, 14-і ағаштан, бесеуі қамыстан салынған. Олардың дені Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз, Байғанин аудандарында орналасқан. 2025 жылға дейін 49 мектеп салу жоспарда бар, оның ішінде екі мектеп мемлекеттік-жеке серіктстік механизмі бойынша, 33 мектеп бюджет есебінен салынатын болады»,- деді басқарма басшысы.
​ Сондай-ақ, Жолдас Батырхан жедел шешімді қажет ететін бірқатар проблемаларды атап өтті. Оның арасында кадр тапшылығына, метериалдық-техникалық базаның жаңартылуы мен цифрлық инфрақұрылымға байланысты сұрақтар бар.
Атап айтқанда, өңірге 86 медагог керек, орыс тіле сабақ беретін бастауыш сыныптың, математика, физика, химия, ағылшын тілі, орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің жетіспейтіндігі байқалады. Соған байланысты ​ кәсіби бағдарлау жұмысы жандандырылып, жергілікті бюджеттің мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінетін көп бөлігі педагогикалық мамандықтың мамандарын даярлауға бөлінетін болады.
Білім басармасы басшысының назарын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстарын күшейтуге, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешуге аударған Оңдасын Оразалин:«Біздің міндетіміз – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, олар үшін барлық жағдайды жасау. Педагогикалық кадрларға қажеттілікті анықтап, алдағы жылдары қанша мұғалім оқытылатындығын нақтылау үшін талдау жүргізу керек. Осы мәселені шешу мақсатында біз гранттар санын көбейтіп жатырмыз, алайда бұл сұрақ әлі бар. Аудан әкімдері де бұл сұрақты бақлауда ұстаулары тиіс»,-деп тапсырды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова өңірде 236 мемлекеттік кітапхана, 197 мәдени-ойын-сауық мекеме, 19 мұражай, 13 мұрағат, театрлар мен т.б. жұмыс жасап тұр. Жеті нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтын орданың 750, Абай Құнанбаевтың 175, Әлия Молдағұлованың 95, ​ Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына және т.б. арналған мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы аясында өңірде он зерттеу жобасы жүзеге асырылды. Оған ғалымдар, зерттеушілер мен археологтар қатысты.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров өңірде 1831 ​ спорт ғимараты жұмыс жасап тұрғанын, оның 881-і дене шынықтыру-спорттық мазмұнда, 815-і білім беру мекемелерінде, ​ 135-і спорт мектептерінде, 729-ы ауылдық жерлерде екенін баяндады.
Спорттың 86 түрімен айналысады, ҚР ұлттық құрама командасына түрлі спорт бойынша 506 спортшы кіреді, соның ішінде олимпиадалық 106, олимпиадалық емес 276, ұлттық спорт түрлерінде 23 спортшы бар.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған 32 мектепте 19 мыңнан аса бала мен жасөспірім спорттың 44 түрі бойынша жаттығады. Жыл басынан бері спортшылар он алтын, он күміс, 18 қола медальді жеңіп алды.
Жалпы алғанда, халықтың 32,03%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады.
2020 жылы Мәртөк, Темір, Байғанин, Хромтау аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді.
Биыл Ойыл ауданының Ойыл ауылында шаңғы роллер трассасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мүмкіндігі шектеулі балаларды «иппотерапия» әдісімен оңалту үшін ​ Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында ат спорты манежы пайдалануға берілді. Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Хромтау, Темір, Мұғалжар аудандарында сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2021» бағдарламасы аясында 14 спорт кешенінің құрылысы жоспарлануда, «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ангарлы типтегі төрт спорт кешені тұрғызылып жатыр.
Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық саланы дамыту жұмыстарын жандандыруды, өзекті мәселелердің шешімін ерекше бақылауға алуды, сонымен қатар, нысандардың сапалы әрі уақытында берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі