Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі, мемлекеттік сату саласындағы жұмыстардың нәтижесі, бюджет қаражатын игеру сұрақтары қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұлов атқарушылық тәртіп жағдайының 2020 жылғы және 2021 жылдың екі айы ішіндегі талдау қорытындысын айтты.
Жалпы, бұл кезеңде облыс әкімі 3430, орталық мемлекеттік органдар 11 484
тапсырманы орындауға жіберді.
185 тапсырма мерзімі өткен соң орындалса, 45 тапсырма орындалмаған.
Құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика және ТКШ, индустриалдық-инновациялық даму, дене шынықтыру және спорт, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, табиғи ресурстар басқармалары, Ақтөбе қаласы мен Темір ауданынан басқа аудандардың барлығы тапсырмалардың мерзімдерін бұзған.
Көрсетілген мерзімде орындалмаған тапсырмалардың қатарында жер телімдерін аудан орталықтарының айналасында көгалды аймақ жасауға бөлу және рәсімдеу, дендрологиялық жоспардың әзірленуі, Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру, коммуналды төлемдерді төлеу үшін бірыңғай төлем құжатын енгізу, қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару және т.б. бар.
Осыған байланысты облыс әкімі барлық тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындауды және мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібін бақылауды күшейтуді тапсырды.
Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен аппарат жиындарында басқапмалардың жұмыстары қорытындыланады.
Бүгін өңір басшысы облыс бюджетінің былтырғы жылғы орындалуы туралы есепті тыңдады.
Бюджеттің кіріс бөлігі өткен жылы 123,5 млрд. теңгені, түсім қарқыны 2019 жылмен салыстырғанда 103,6% құрады. Облыс бюджетінің шығыс бөлігі 355,3 млрд. теңгені құрап, қаражат 99,9% игерілген.
Коммуналды мүлікті жалдау үшін 47,2 млн. теңгеге 179 келісімшартқа қол қойылды. 114 нысан, соның ішінде 111 нысан сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқармаға берілді. Сенімгерлік басқармалардың қол қойылған келісімшарт негізіндегі міндеттерін толық орындаулары бойынша жүйелі түрде бақылау жүргізілуде.
Мемлекеттік сатып алу саласында 2020 жылы 95,9 млрд. теңгеге 1090 жоба бақыланды, соның ішінде 565 жоба даму бюджеті бойынша. Барлық жобалар бойынша байқау процедуралары аяқталып, мердігер мекемелер анықталды.
66,5 млрд. теңгеге 398 жоба бойынша, соның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 19 млрд теңгеге 75 жоба мемлекеттік сатып алу жүргізілді. 2019 жылмен салыстырғанда жобалар саны 46%-ға көбейді.
"Мемлекеттік сатып алу бойынша байқаулардың көбісі әлі жарияланған жоқ. Меніңше, бұл бақылаудың жеткіліксіздігінен, осыған жауапты басшылар мен мамандардың жауапсыздығынан. Осы бағыттағы бақылауды күшеуту керек",- деді өңір басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне бюджет қаражатының қаржыландыру жоспарларына сәйкес толық әрі тиімді игерілуін тапсырып, жұмсалуын қатаң қадағалауды талап етті.
Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне мемлекеттік сатып алу бойынша байқауды өткізу үшін өтініштерді уақытылы және сапалы тапсырылуын бақылауға алу, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірінші басшылар мен әкімдердің жеке жауапкершілігін анықтау, 2020 жылы қабылданбаған сатып алулардың жоспарларының пункттері бойынша сатып алуды мұқият талдау және келесіде мұндай деректерге жол бермеу міндеттелді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі