Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ақтөбе облысында болды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ақтөбе облысында болды
Жұмыс бағдарламасы аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин министрді өңірде ішкі туризм, спорт, мәдениет салаларын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.
Ақтоты Райымқұлова облыстық мемлекеттік мұрағатта болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мұнда күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Министрге Ақтөбе қаласындағы мұрағат және кітапхана ғимаратының құрылыс жобасы таныстырылды, сонымен қатар құжаттарды «Е-архив» ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстарының қорытындысы баяндалды. Былтыр 7 мың сұраныс ​ жасалды, соның ішінде 6795 әлеуметтік-құқықтық, 170 тақырыптық және 35 генеалогиялық сұраныстар, 6 мыңнан аса сақтау бірліктері цифрланды.
Мәртөк ауданынының Мәртөк ауылында министр дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қарап шықты. 160 орынға арналған спорттық нысанның құрылысы 323 млн. теңгеге шықты.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені футзал, волейбол, баскетбол, шығыс жекпе-жегі бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған. Бассейн скиммерлі су айналым жүйесімен жабдықталған.
Ақтоты Райымқұлова барған аудандық Мәдениет үйінде өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 145,8 млн. теңге бөлінді. 460 орындық мәдениет үйінде 18 үйірме бар, бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді.
Ақтоты Райымқұловаға өңірдегі ішкі туризмді дамыту мақсатында марал мүйізімен емдейтін «Зәру» ​ шипажайы​ жанынан атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Осы жылы Байғанин, Қарғалы, Мәртөк, Ойыл, Қобда аудандарына эко-тур ұйымдастыру, Жаманшин кратері аумағында ұлттық саябақ ​ құру бойынша және т.б. ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Күннің екінші жартысында министр «Кірпішті» тұрғын үй алабындағы шаңғы роллер трассасының ашылуына қатысты.
Айта кетейік, бұл Қазақстандағы осындай спорт нысандарының үшіншісі.
Құны 840 млн теңге болатын жоба шаңғы спортын, қысқы президенттік көпсайысты және спорттың өзге де түрлерін дамыту мақсатында жүзеге асырылған. Кешенді тұрғызу кезінде заманауи құрылыс технологиялары мен сапасы ең жоғары материалдар қолданылды.
Аумағы 52,362 гектар базаның басты ерекшелігі - ені 9 метр болатын 1,3; 1,6; 2,5; 3,3; 3,75 шақырым ​ шаңғы трассаларында, сонымен қатар, ені 6 метр болатын 2,5 шақырымдық шаңғы роллер трассаларында.
Оңдасын Оразалин: «Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда бұқаралық спортты дамытудың барлық шаралары қабылданып жатыр. Пандемияға қарамастан, біздің өңірде әлеуметтік нысандарыдың құрылысы жалғасты, солардың қатарында осы кешен де бар. Мұнда балалар спортпен жыл бойы шұғылдана алады. Мен шаңғы роллері трассасының жұмысынан үлкен әсер алатынымызға сенімдімін»,- деп атап өтті.
Министр: «Бұл спорт нысанының ашылуы өңір басшысының президент тапсырмасын орындаудағы кешенді тәсілінің тамаша мысалы. Шаңғы роллер трассасы әр өңірде жоқ. Бұл үлкен жетістік, соның арқасында спортшылар жылдың кез келген мезгілінде спорттың қысқы түрлеріне дайындала алады»,- деп Ақтөбе облысында қабылданып жатқан шаралардың нәтижесіне оң бағасын берді.
Сондай-ақ, Ақтоты Райымқұловаға 2020 жылы Ақтөбе қаласындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі жанынан пайдалануға берілген мүмкіндігі шектеулі балаларды «иппотерапия» әдісімен оңалтуға және емдеуге арналған атқорасы бар жабық манеж көрсетілді. Қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 3 мыңнан астам бала тіркеуде тұр, 300-ге жуық бала ай сайын манежде оңалтудан өтетін болады.
Штатта психолог, реабилитолог дәрігер, 11 нұсқаушы, иппотерапия мен бейімдейтін дене шынықтыру жаттықтырушысы жұмыс істейді.
Министр А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде болып, Димаш Құдайбергеннің ұстаздары, академиялық ән оқытушысы Марат Әйтімов пен күйші Жайлаубай Асылханов әлемге әйгілі әншінің білім алған сыныбын көрсетті.
Ақтоты Райымқұлова Димашқа тәлім-тәрбие берген ұстаздарға алғыс айтып, «ескерткіш кітабына» өзінің жылы лебіздерін жазып қалдырды.
Қонақтар назарына колледж түлектерінің концерті ұсынылды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ақтоты Райымқұлова «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жекпе жек сарайында өңірдегі спортты дамытудың нәтижелері айтылды.
​ Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылы 890 спорттық-бұқаралық шаралардың өткізілгендігін жеткізді. Оның ішінде 679-ы ауданда өтті.
Спорттық ғимараттар желісін дамыту аясында Мәртөк, Байғанин, Темір және Хромтау аудандарында бассейні бар төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, тағы тоғыз дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешен салу жоспарда бар.
2022 жылға қарай әр ауданның дене шынықтыру-сауықтыру кешені болады.
Облыста балалар мен жасөспірімдерге арналған 31 спорт мектебі ​ жұмыс жасап тұр. Мұнда спорттың 44 түрін үйретеді, соның ішінде 24 олимпиадалық, бес ұлттық және 15 олимпиадалық емес спорт түрлері.
Былтыр 265 медаль жеңіп алынса, соның ішінде ҚР чемпионаттарында 224, халықаралық турнирлерде – 26, Азия чемпионаттарында – 15 медаль.
Өнер орталығында мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен өткен кездесуде Ақтоты Райымқұлова ҚР Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы негізгі сәттерге тоқталып, әдебиет және өнер қайраткерлерін, дарынды жастарды қолдау, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, мәдениет және өнер мекемелерінің ұжымждарын ынталандыру және т.б. бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.
«Былтыр қазан айында «Рухани қазына – 2020» республикалық байқауы өткізілді. «Үздік облыстық мәдени-ойын-сауық кешен» аталымының жеңімпазы болып Ақтөбе облыстық ұлттық шығармашылық орталығы танылса, «Үздік мемлекеттік мұражай сайты» аталымын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жеңіп алды, «Әбу Насыр Әл-фарабидің 1150 жылдығына» аталымын С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана иеленді»,- деп атап өткен министр мәдениет және спорт саласының 18 үздік өкіліне ведомстволық марапаттарын табыс етті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі