23 желтоқсан, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен 2020 жылы облыстың көлік жолдары саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2021 жылға қойылған жоспарларды талқылауға арналған жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қала әкімі, селекторлық режимде аудан басшылары сондай-ақ, жол-құрылысын жүргізімен айналысушы 20-дан астам мердігер мекемелердің өкілдері қатысты. Алдымен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының 2020 жыл бойынша есебі тыңдалды. Мекеме басшысы Марат Махамбетовтің мәліметінше облыстың республикалық жолдар желісін дамыту аясында биыл 303 шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 17,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде қайта жаңарту 13,6 млрд.тг, орташа жөндеуге 1,5 млрд.тг, күтіп ұстауға 2,6 млрд.тг. Қайта жаңарту құрылысында 184 шақырым жол қозғалысы ашылған, 89 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолының 214 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Жалпы құны 46,8 млрд тг жүзеге асырылып жатқан жоба 2021 жылы толық аяқталуы тиіс.
Оңдасын Оразалин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшысына жоғарыда көрсетілген жұмыстардан өзге сеніп тапсырылған республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жыл бойынғы күтіп-ұстау шаруасын да жедел әрі тиянақты атқаруды тапсырды. Ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі жыл басынан бері 56,5 % дан 59 % көтерілгендігін жеткізді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарды жөндеуге бюджеттен 40,4 млрд. теңге бөлініп, 196 жоба іске асырылды. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 3,2 млрд. теңге сомасына 25 жоба, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 20,6 млрд. теңге сомасына 129 жоба, «Ауыл – ел бесігі» арнайы бағдарламасы бойынша 24,2 млрд.теңге сомасына 16 жоба және «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 14,8 млрд. теңге сомасына 26 жоба жүзеге асқан. Дегенмен, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірге 650 сынама жүргізген. Нәтижесінде 235-нің сапасыз екендігі анықталған. «МКДСМ» АҚ, «ДорСнабСервис» ЖШС, «ИнформСтрой» ЖШС жұмыстарында жиі қателіктер жіберген. Сондай-ақ, өзге де мердігерлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы жүргізбеу себебінен республикалық трансферттер кері қайтарылды. Басқарма басшысы тізіп көрсеткен кемшіліктерге қатысты облыс әкімі жауапты мердігер мекеме басшыларына қатаң ескерту жасады. «Уақытылы бітпеген әрі сапасыз жасаған жұмыстарыңыз үшін ұялуға тиіссіздер. Бірінші рет емес, бірнеше рет салғырттыққа жол беріп отырсыздар. Мұндай кемшіліктердің жолын кесу үшін шаруаны жүргізе алмаған компаниялардың тізімі жасалып, алдағы жылы өтетін мемлекеттік сатып алу конкурсында ескерілетін болады»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Сонымен қатар Алға ауданының Бестамақ ауылындағы 3 көшеде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы талапқа сай келмейді. Алынған 12 сынаманың 11-нен жол құрылысының сапасыз екендігі дәлелденді. Сапасыз жұмыстарды атқарған мердігер мекеменің үстінен тапсырыс беруші сотқа шағым жасаған. Аудандық маңызы бар «Богословка-Алға-Тоқмансай» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына ағымдағы жылы 177 млн. теңге бөлінгенмен мердігер мекеме жұмыстарды дұрыс атқармаған. Алға қаласының 5 көшесін орташа жөндеу жұмыстары бойынша мердігер мекеме «СтройСервис Байсын А.» ЖШС жұмыстарды толық көлемде орындамаған. Алға ауданындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша 3 мердігер мекемемен келісім шарт жасалып, жұмыстар уақытылы орындалмаған. Оңдасын Оразалин аталған компаниялардың кемшіліктері үшін аудан әкімі Мамырғали Аққағазовты да сынға алды. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаладағы көлік саласының инфроқұрылымын дамыту туралы ақпарат беріп өтті.
2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы аясында қала аумағындағы және қала маңындағы елді мекендердегі автомобиль жолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен 13,9 млрд.теңге бөлінген. Ұзындығы 5,3 км 3 жоба Арынов көшесі, Сәңкібай батыр даңғылы, Мәңгілік ел көшесіне қайта құру жұмыстары жасалды.433,4 млн.теңге сомасына жалпы ұзындығы 3 км автомобиль жолдарының құрылысын салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ұзындығы 30 км жолға Гарнизонная, Кленовая, Жамбыл, БГ.Құршасай ауылының және Коростылев, Гоголь, Айбергенов, Түрксіб, Промышленная, Трудовая, Снайперская, Красногорская, Мир, Бекқұл баба, Әуезов, Абай және Әбілқайыр хан көшелері, Озмитель ауылының Ақниет көшесі, Ақшат және Ясное елді мекенінің орталық көшесі күрделі жөндеуден өтті. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдері мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мекемесіне жолдарды күтіп ұстау, қыс мезгілінде кездесетін қардан тазалау, тұз себу сынды жұмыстарды сапалы атқаруды, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, алдын-алу жұмыстарымен барынша күресуді тағы бір еске салса, қала әкіміне облыс орталығына жақын елді мекендердің жолдарын жөндеу, көп қабатты үйлердің ауласын реттеу, тротуар төсеу, ойын, спорт алаңдарының санын арттыру қажеттігін тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі