
Сейсенбі, 22 желтоқсан күні Ақтөбе облысының әкімдігінде «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасының орындалуы, екі жылда атқарылған жұмыстар және 2021 жылға арналған жоспарларын талқылау туралы жиналыс өтті. Этнолог-ғалым, профессор Серік Әжіғали облыс әкімі Оңдасын Оразалинге "Батыс Қазақстан (Доңызтау) кешенді этноархеологиялық экспедициясының ізденістері” туралы баяндап берді. Ғалымның айтуынша Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы 2019-2020 жылдары аралығында Ақтөбе облысындағы “Баламола”, “Жетім төрткіл”, “Абат-Байтақ”, “Шәкен-Ишан” сынды т.б киелі, тарихи 50-ден аса нысанды мекендерді зерттеген. Нәтижесінде өңірден алып құлыптастар, биіктігі 2,5 метр болатын сандықтас, оғыз дәуіріне жататын құдықтар, зерттелмеген қорымдар, патша обасы және көптеген жәдігерлер табылды. Оңдасын Оразалин “Рухани жаңғыру” бағдарламасы арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, алдағы жылы да сәтті жалғасын табатындығына сенім білдірді. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға өңірдегі аса маңызды тарихи-мәдени және сәулет өнері ескерткіштерін зерттеудің, ғылыми айналымға енгізудің жол картасын әзірлеуді тапсырды.