Аймақ басшысы Кеңқияқ ауылындағы “Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында іске асырылған су станциясының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің түрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасына орай қазір магистралдық құбырларды қондыру жұмыстары аяқталып, нәтижесінде Кеңқияқ кентінің 1 көшесі, 245 пәтері таза суды пайдалануда. Сондай-ақ, бұрын 8-9 сағат қана берілетін ауыз су мәселесі шешіліп, 24 сағат үздіксіз берілетін болды. Бұл проблема Кеңқияқ кентіндегі ұзақ мерзімге созылған өзекті мәселелердің бірі еді. Аталған жоба 2021 жылдың сәуір- мамыр айында толық аяқталса 685 тұрғын үй түгел таза ауыз суға қол жеткізбек.Қазіргі таңда жеке және көпқабатты үйлердің жаңа су құбырына қосу жұмыстары жасалуда. Жалпы Темір ауданының 39 мыңға жуық халқының 91% сапалы ауыз сумен қамтылған.
Өңір басшысы аталған ауылдағы құны 270 млн тг бой көтеріп жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын бақылады. Құрылысы 2020 жылдың тамыз айында басталған нысан алдағы жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. Жалпы ауданда жастардың спортпен шұғылдануы үшін қажетті шаралар жүргізілуде. Темір ауданы бойынша 3 бірдей дене шынықтыру кешендері салынуда. Спорт нысандары заман талабына сай, қажетті жабдықтармен қамтылады.
Оңдасын Оразалин Шұбарши кентіндегі 60 орындық интернатымен қоса салынып жатқан 320 орындық мектеп құрылысы мен спорт кешеннің құрылыстарын қарады. Білім ошағы 2021 жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда электр желілері толық орнатылып, кәріз, су желілерін тарту, терезелерін қою жұмыстары атқарылуда. Спорт кешені де келесі жылдың соңында аяқталуы тиіс. Құрылыс қарқынды жүруде. Жалпы бұл әлеуметтік нысандарды салып беруді, аймақ басшысымен өткен жылы аудан тұрғындары кездескенде өтініш білдірген болатын. Облыс басшысы Темір ауданының әкімі Жолдас Батырханға ауданда мүгедектер оңалту орталығын, жаңа мектеп салуды, сондай ақ, жыл сайын қарқынды түрде жолдарды жөндеп отыруды, қажеттігі туралы тапсырма берді.
Бұдан соң, облыс әкімінің жұмыс сапары Байғанин ауданында жалғасты. Оңдасын Оразалин Бұлақтыкөл ауылында 100 орынға арналған мектептің сапасын тексерді. Жаңадан салынған нысан құрылысы биыл аяқталды. Абаттандыру, спорт алаңдарын аяқтау ендігі жылға қалып отыр. Мектепті салу 2017 жылы басталғанмен мердігер мекеменің жауапсыздығынан нысанның құрылысы үш жылға созылған. Облыс әкімі мердігер мекеме басшысына қатаң сын айтып, қалған жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Сондай ақ, ауданға қарасты Қаражар елді мекеніндегі орталықтандырылған ауыз су желісі іске қосылды. Өңір басшысы шараға қатысып тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жоладауында шалғай жатқан ауыл тұрғындарын көгілдір отын, ауыз су мен қамтып әлауқатын жақсартуға жағдай жасау тапсырмасы негізінде облыста көптеген шаралар іске асырылуда.
Алдағы 5 жылдықта аудан ахуалы түбегейлі өзгеретіндігіне сенемін. Мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, аудандағы 5 елді мекен көгілдір отынның игілігін көруде. Биыл Ноғайты, Жарлы ауылдарына да газ кіргізілмек”,- деді облыс әкімі.
Су желісін іске қосу нәтижесінде Байғанин ауданының 82,4% таза ауыз сумен қамтылды. Яғни, 9 ауылдық округ пен 1 елдімекен таза суға қол жеткізді. Бұған дейін тасып ішуге мәжбүр болған тұрғындар атқарылған игі істер үшін өңір басшысына алғыс айтып, енді көгілдір отын тартып беру туралы өтініш білдірді. Жалпы 2021 жылы Қосарал, Көкбұлақ, Алтай батыр, Жаңатаң елдімекендерін де таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда. Байғанинде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүйелі жүзеге асып келеді. Ұтқыр кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасына ауданның 15 елді мекені енгізілген. Оның ішінде Қаражар ауылы да бар. Қазіргі таңда аудандағы 4 елдімекен байланыс желісімен қамтылған.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, көшелерді асфальттау жұмыстарын жүйелі түрле жандандырып отыруды тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі