
Ақтөбе облысында тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдану көрсеткіші 44 пайызға жетті. Бұған өңірде спорт инфрақұрылымының қарқынды дамуы ықпал етіп отыр. Соңғы екі жылда облыс аумағында 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған.
Мәселен, былтыр ашылған Қызылжар ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде 700-ден астам бала мен жасөспірім жаттығады. Оқушылар футбол, волейбол, баскетбол, күрес секілді дәстүрлі спорт түрлерімен қатар, бадминтонды да меңгере алады.
Биыл өңірде тағы 15 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның бесеуі Ақтөбе қаласында салынса, қалған 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені шалғай ауылдарда бой көтермек.
Ал өңірдегі білікті жаттықтырушылар тапшылығын жою үшін мамандарды өзге өңірлер және шетелден тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, бүгінде Мәскеуден келген маман жас шорт-трекшілерді жаттықтыруда. Қаңтар айынан бастап Алматыдан семсерлесу бойынша екі жаттықтырушы келген. Ал наурыз айында Шымкенттен мәнерлеп сырғанау маманы қосылады. Сонымен қатар 2026 жылдың ақпан айынан бастап үстел теннисі бойынша хорватиялық жаттықтырушы жұмысын бастамақ.