Ақтөбедегі К.Нокин ауылында жаңа спорт кешені ашылды

 Ақтөбедегі К.Нокин ауылында жаңа спорт кешені ашылды

 

Бұл – Республика күні қарсаңында ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық.

Ақтөбенің К.Нокин ауылында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Алматы ауданының әкімшілігі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық спорт басқармасының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кешеннің жалпы ауданы – 1010 шаршы метр. Мұнда бір мезетте 50-ден 200-ге дейін жас спортшы жаттыға алады. Спорт орталығында дзюдо, грек-рим және еркін күрес, сондай-ақ футбол секциялары жұмыс істейді.

Жаңа спорт кешенінің ашылуы ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, спорттық инфрақұрылымды дамыту – Ақтөбе облысында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың бірі. Соңғы үш жылда 32 жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді. Жыл соңына дейін 12 жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс.