
Үстел теннисі орталығында балалар мен ересектер арасында паралимпиадалық спорт түрі – боччадан турнир өтті. Шара Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылды.
Турнирге қатысушыларды облыс әкімі Асхат Шахаров қарсы алып, мұндай іс-шаралар әрбір спортшының әлеуетін ашуға және тең мүмкіндіктер идеяларын нығайтуға көмектесетінін атап өтті.
«Бочча турнирі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған қағидаттардың айқын көрінісі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Мүгедектігі бар адамдардың спортпен айналысуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуы керек», – деп атап өтті. Бочча спорты – ерік-жігер мен табандылықтың символы. Ол тек физикалық дамуды ғана емес, руханибиіктікті, бір-біріне деген сыйластық пен өзара қолдауды дәріптейді. Барша қатысушыға жеңіс пен жарқын әсер, ал ұйымдастырушылар мен ұстаздарға алғыс білдіремін. Осындай шаралар қоғамда инклюзивті мәдениетті дамытуға, әр баланың өз орнын табуына жол ашады», – деді Асхат Шахаров.
Бочча — тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарға арналғанпаралимпиадалық спорт түрі. Бұл спорт түрі дәлдік пен стратегияны талап ететін ойын және негізінен арбаға таңылған немесе қозғалу мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ойналады.
Ақтөбедегі турнир тек спорттық жарыс қана емес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғам өміріне табысты біріктірудің жарқын мысалына айналды.
Ойындар жылы әрі достық атмосферада өтті. Әр қатысушы шеберлігін, сабырлылығын және команда рухын көрсетті, бір-біріне қолдау білдіріп отырды. Әрбір ойын көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Турнир соңында жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Ізгілік пен қолдау рухы бұл күнді шынайы спорт пен бірліктің мерекесіне айналдырды.
Айта кетейік, шараға еліміздің барлық облысынан мәслихат төрағалары қатысты. Олар инклюзивті бастамалардың қоғамдағы маңыздылығын атап өтіп, қатысушылардың қайсарлығына жоғары баға берді.