
Бестамақ ауылында облыс әкімі Асхат Шахаров күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» балабақшасын аралап көрді.
2023 жылы Алға ауданына жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров балабақша ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырған еді. 2024 жылы ЖСҚ әзірленіп, 2025 жылы облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді.
«Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Құрманованың айтуынша, ғимараттың шатыры толықтай ауыстырылып, электр сымдары жаңартылды, сумен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілді, ішкі құбырлар ауыстырылды. Сондай-ақ әрлеу жұмыстары жасалып, ғимараттың қасбеті қапталды, аулаға тас төсеуіштер төселіп, қоршау жаңартылды. Далаға жаңа балалар ойын алаңдары орнатылды.
Жөндеу жұмыстарын «Бабэк-Құрылыс» ЖШС бес ай ішінде аяқтады. Келесі аптадан бастап балабақша бүлдіршіндерді жайлы жағдайда қабылдауға дайын.
Облыс әкімі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – балалардың дамуы мен тәрбиесі болуы тиіс. Біз оларға еркін оқып, дамуына мүмкіндік беретін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауымыз қажет. Балабақша әр бала өзін қорғалғандай сезінетін жайлы да заманауи мекен болуы керек», – деді облыс әкімі.