Ақтөбелік ұстаздардың еңбегі еленді

Ақтөбелік ұстаздардың еңбегі еленді

Ұстаздар күні қарсаңында Астанада өткен салтанатты жиында Ақтөбеден шыққан екі бірдей педагог мемлекеттік марапатқа ие болды.

Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Айгүл Сагидановаға Қазақстан Республикасы Президенті атынан «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Ол 32 жылдық педагогикалық қызметінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың өмірлік жолын айқындауына бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардың жүлдегері атанып, 2022 жылы «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атағын иеленген. 2015 жылдан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының тренері ретінде өңір ұстаздарының кәсіби дамуына үлес қосып келеді.

Сондай-ақ, М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназия директоры, тәжірибелі ұстаз Маржанкул Тойшыманова «Шапағат» медалімен марапатталды. Ол еңбек жолын 1992 жылы тарих пәні мұғалімі ретінде бастап, 2007 жылдан бастап директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылдан бері гимназия директоры ретінде білім ошағын басқарып келеді. 33 жылдық педагогикалық қызметінде оқушылардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға айрықша үлес қосып, шәкірттері республикалық және облыстық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда үздік нәтиже көрсетуде.

Бұл марапаттар – Ақтөбе ұстаздарының көп жылғы еңбегінің, қазақстандық білім беру жүйесіне қосқан зор үлесінің лайықты бағасы.