Хромтаудағы №4 мектеп жаңа кейіпке еніп, FIFA стандартына сай алаң салынуда

Хромтаудағы №4 мектеп жаңа кейіпке еніп, FIFA стандартына сай алаң салынуда

 

Хромтауда облыс әкімі толықтай жаңарған №4 орта мектепке барды. Мектеп аумағында FIFA стандарты бойынша салынатын жаңа футбол алаңының құрылысын бағамдады.

Жаңа спорт нысаны халықаралық FIFA Arena бағдарламасы аясында бой көтеруде және Хромтауда салынуы жоспарланған төрт алаңның бірі болмақ. Жоба аясында сертификатталған жасанды жабын төселіп, заманауи қоршаулар орнатылады. Бұл оқу мен жаттығу процесін ұйымдастыруға қойылатын халықаралық талаптарға толық сай келеді.

Әкімнің айтуынша, мектеп базасында сапалы спорттық инфрақұрылым құру – Президент Жолдауында айтылған жастар арасында бұқаралық спортты дамытудың маңызды бөлігі. Сонымен қатар, ол жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және дене тәрбиесін жетілдіруге ықпал етеді.

№4 мектеп 1970 жылы салынған және Хромтаудағы ең ірі білім беру мекемелерінің бірі саналады. Білім ошағы 1 500 оқушыға арналғанымен, бүгінде мұнда 1 640 бала білім алады. Мектепте STEM зертханасы ашылып, физика, химия, биология және информатика кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Мектеп ашылғалы бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мердігер ұйым – «Алихан Ойл» ЖШС шатырды ауыстырып, жаңа терезе жақтауларын орнатып, ғимараттың сыртын металл сайдингпен қаптады.

Еске сала кетейік, Асхат Шахаров №4 мектепте 2023 жылы болып, білім ордасына күрделі жөндеу жүргізуді тапсырған болатын. Ұстаздар мен ата-аналар оның назар аударып, қолдау көрсеткені үшін алғыстарын білдіріп, мемлекеттік бағдарламалар мен өңір басшылығының жеке бақылауымен балалар заманауи, жайлы жағдайда оқып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алғанын атап өтті.