«Біз бұл жерден ешқашан көшпейміз»: Қызылсу ауылындағы өмір қалай өзгеріп жатыр

«Біз бұл жерден ешқашан көшпейміз»: Қызылсу ауылындағы өмір қалай өзгеріп жатыр

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына қарасты Қызылсу ауылында болды. Ауыл аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта. Айта кетерлігі, тәуелсіздік алғалы бұл ауылға алғаш рет облыс әкімінің барып тұр.

Қызылсуда 302 адам тұрады, барлығы – 94 түтін. Негізгі кәсіп – мал және егін шаруашылығы. Барлық отбасы дерлік мал ұстайды. Ауыл әкімі Әскербек Жұмабековтың айтуынша, Қызылсу ауылдық округінде ірі қара малдың басы былтырғымен салыстырғанда 84%-ке артқан. Округте барлығы 30 шаруа қожалығы жұмыс істейді, олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Осы арқылы ауыл тұрғындары өзін-өзі ет, сүт өнімдері және жем-шөппен қамтамасыз етіп отыр.

Асхат Шахаров 1968 жылы салынған ауыл клубына барды. Жаңарған клуб 435 орынға шақталған және ауыл тұрғындарының мәдени-демалыс орталығына айналды.

Әкім содан кейін 1984 жылы бой көтерген медициналық пункт жұмысымен танысты. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында нысанға жөндеу жүргізілген. «Южпромснаб» ЖШС мен «Алтай-Атырау» ЖШС демеушілік ретінде 12 млн теңге бөлді. Медпункт санитарлық көлікпен қамтылған, мұнда жалпы тәжірибелі дәрігер, медбике және санитар қызмет етеді.

Сондай-ақ, әкім ауыл мектебіне бас сұқты. Былтыр мұнда күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір мектепте 58 бала оқиды, 17 мұғалім сабақ береді. «Қазақстан халқына» қоры арқылы оқу орнына 10 млн теңге бөлініп, биология, химия, физика, технология және ағылшын тілі кабинеттеріне жаңа құрал-жабдық сатып алынды.

«Мектеп 1983 жылы салынған. 41 жылда алғаш рет жөнделді. Бұрын ғимарат қараңғы әрі суық болатын, батареяларымыздан су ағып тұрды. Жөндеуден кейін мектебіміз қаладағыдан кем емес жағдайда. Ауласына спорт алаңы мен балалар ойын алаңы салынды. Қазір мектеп жылы әрі жарық, заманауи жабдықпен қамтылған. Интерактивті оқу құралдары бар, лаборатория ашылды. Балаларымыз сапалы білім алуға мүмкіндік алды», – деді мектеп директоры Әліби Сағидуллин.

Оның айтуынша, мектептің орта мектеп мәртебесін сақтап қалуы үшін ауылға жаңа отбасыларды тарту жоспарланып отыр. Осы мақсатта ауылда екі екіпәтерлі үй салынып, оған төрт көпбалалы отбасы қоныстанады. Бұл оқушы санын көбейтіп, мектептің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Өңір басшысы аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратовқа Қызылсуға қоныстанғысы келетіндерге тұрғын үй салу үшін жер телімдерін бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл қадам ауылға жаңа отбасыларды тартуға, мектептегі оқушылар санын арттыруға және ауылдық округтің дамуына жағдай жасауға ықпал етпек.

Ауыл тұрғындары облыс әкіміне көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

«Медпунктімізді жөндеп берді, мектеп те былтыр жаңарды. Дәрігерлер келіп, қаралып тұрамыз. Мұнда тұрып жатқаныма қуанамын – өз өніміміз бар, табиғат та әдемі. Қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз. Әсіресе ауыл тұрғындарына қамқорлық танытып отырған Президентімізге ризамыз. Бұл жерден ешқашан көшпейміз», – деді ауыл тұрғыны Бағила Қосжанова.

Ауыл тұрғындары жаңа көпірдің салынғанын, жолдардың жөнделіп, көшелер жарықтандырылғанын қуана атап өтті.

«Жастарға ауылда да жақсы өмір сүріп, еңбек етуге болатынын көрсетуіміз керек. Қызылсуда жарық, су, байланыс бар, жолдар жөнделуде, мектеп жаңартылды. Соңғы екі жылда ауылдың дамуына 2,5 млрд теңге бөлінді – білім, медицина, жолдар және басқа бағыттар бойынша. Маңыздысы – жастардың ауылда қалып, шаруашылықты дамытып, бизнес ашуы. Мемлекет фермерлерді қолдап отыр, субсидия береді, спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Біз ауылда өмір сүру қолайлы болуы үшін барлық жағдайды жасай береміз», – деді өз сөзінде Асхат Шахаров.