Бөгетсай ауылында 100 жылдық мерейтойға орай жаңа нысандар бой көтеруде

Бөгетсай ауылында 100 жылдық мерейтойға орай жаңа нысандар бой көтеруде

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында Бөгетсай ауылында болды. Кездесуде ауыл тұрғындары өңір басшысымен елді мекеннің дамуы жайлы ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Бөгетсайлықтар ауылдың 100 жылдығына дайындалып жатыр. Жергілікті халық пен демеушілердің қаражатына саябақ салынуда. Онда балалар алаңы, стрит-воркаут аймағы, спорттық жабдықтар, сахна және кіреберіс арка орнатылады. Жобаның жалпы құны – 26  млн теңге. Саябақ абаттандырылып, жасыл желек егіледі. Ағаш отырғызуға бүкіл ауыл жұмылмақ.

Сонымен қатар жасанды төсенішпен жабдықталған футбол стадионы салынуда. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 96 млн теңге бөлінді. «A-Invest Construction» ЖШС мердігер компаниясы бордюр орнатып, жасанды газон төсеп жатыр. Жақын арада мұнда қоршау, трибуна және жарықтандыру орнатылады.

Былтыр ауылда спорт кешені ашылған-ды. Тұрғындардың айтуынша, қазір жастар мен оқушылар белсенді түрде спортпен айналысып жүр. Ал жаңа футбол стадионының ашылуы бұл қуанышты еселей түспек.

«Ауылымызда соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды. Көпір салынып жатыр, спорт кешені ашылды, енді футбол стадионы салынуда. Бұл балалар мен жастар үшін үлкен қуаныш – спортпен айналысып, дені сау болып өсулеріне жағдай жасалуда. Тіпті ересектердің де спортқа қызығушылығы артып келеді. Мұның бәрі ауылға жаңа серпін беруде», – деді ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Талғат Қымбаев.

Өз кезегінде облыс әкімі тұрғындардың бастамалары қолдауға лайық екенін атап өтті.

«Ауылдың дамуына жергілікті халықтың өзі үлес қосқанда, ол сөзсіз нәтижелі болады. Бұл нысандар балалар мен жастардың сүйікті орнына айналып, салауатты өмір салтына жағдай жасайтынына сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.

Сонымен бірге өңір басшысы ауылға кіреберіс жаңа көпірдің құрылысымен танысты. «Lider Invest Group» ЖШС салып жатқан нысанның құны – 295,7 млн теңге. Құрылыс жұмыстары осы айда толық аяқталмақ. Тұрғындар көпірдің қолданысқа берілуін асыға күтіп отыр, өйткені ол ауылға қатынасты әлдеқайда жеңілдетеді.

«Бөгетсайлықтардың өз ауылын көркейтуге белсене қатысып жатқаны мені шын жүректен қуантады. Бұл – елді мекенге деген жанашырлықтың, болашаққа деген сенімнің белгісі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарда жайлы өмір сүру үшін жан-жақты жағдай жасалады. Ал халықтың өзіндік үлесі ортақ іске ерекше мән беріп, болашаққа сенім ұялатады», – деп атап өтті облыс әкімі.