Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барды

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барды

 

Өңір басшысының ауданға жасаған сапары Тасөткел ауылынан басталды. Мұнда әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Тасөткел — Хромтау ауданының шалғай ауылдарының бірі. Ақтөбе қаласынан 220 шақырым, ал Хромтау қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округке орталығы Тасөткелмен қатар Ақбұлақ және Ақтасты ауылдары да қарайды. Ауылдық округтің халқы — шамамен 500 адам. Ал Тасөткел ауылында 296 адам тұрады.

Былтыр Тасөткелде жаңа медицина пункті салынды. Бұл мекеме ауыл округі тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бас дәрігер Қуанышгүл Дүйсенбекова  мен медбике Лариса Қасымова әкімге жұмыс кабинеттерін көрсетіп, өз қызметтері, қолжетімді медициналық көмек түрлері мен болашақта көрсетілетін қызметтерді кеңейту жоспарлары туралы айтып берді.

Бұдан соң Асхат Шахаров ауылдағы клуб пен саябақ аумағын аралады. Клуб ғимараты 1961 жылы салынған, 140 орынға арналған. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есік-терезелері ауыстырылып, жаңа жылыту радиаторлары орнатылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, аумақ жарықтандырылды. Ғимарат мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген. Саябақта да абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа орындықтар мен жарық шамдары орнатылып, жас көшеттер отырғызылды.

Клубта облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары қазіргі таңда мұнда халыққа өмір сүру жайлы екенін айтты. Олардың сөзінше, жаңа медпункт кең әрі жайлы, клуб таза, мерекелік іс-шаралар осында өтеді. Сондай-ақ табиғат аясында демалып, балалармен ойнауға қолайлы әдемі саябақ пайда болғанын да олар зор қуанышпен жеткізді.

Кездесуде ауыл ақсақалы Бақытберген Байсейітов облыс әкіміне ауылдың жыл сайын дамып, тұрғындардың өзекті мәселелері шешімін тауып жатқанын алға тартты. Ол өткен 13 жылда облыс әкімдері Тасөткелге бар болғаны екі рет келгенін атап өтті. Бүгінгі кездесу — соның екіншісі. Сонымен қатар ақсақал Хромтау ауданы басшылығы ауыл тұрғындарының мәселелерінен жақсы хабардар екенін және өтініштерге жедел әрекет етіп отырғанын да жеткізді.
Ауыл тұрғындарының пікірін тыңдаған Асхат Шахаров мұнда халыққа өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, өзі де Тасөткелге көшіп келуге қарсы еместігін айтты.

Жергілікті халықпен кездесуден кейін облыс әкімі ауылдағы 105 оқушы білім алатын орта мектепке барды. Мектепте 8 оқу кабинеті бар. Оның ішінде химия және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, спорт залы, кітапхана, 16 орындық асхана және екі медицина бөлмесі жабдықталған. Әкім ұстаздар мен оқушылармен тілдесіп, оқу жағдайымен танысты, білім беру инфрақұрылымын әрі қарай дамыту қажеттігін сөз етті. Кездесу барысында мұғалімдер мектептің 60 орынға ғана есептелгенін, бірақ қазір екі есеге жуық артық бала оқып жатқанын айтып, қосымша ғимарат салуға көмек сұрады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Асхат Шахаров тиісті орган өкілдеріне сараптама аяқталған соң құрылысқа дереу кірісуді тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі медициналық пункттің қызмет сапасын жақсарту, клуб пен саябақты күтіп ұстау, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Біздің ең басты мақсатымыз — елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Өйткені бұл — әрбір азаматтың әл-ауқатының негізі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауылдарда тұрғындарға жайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Осындай жұмыстардың айқын көрінісін Тасөткел ауылынан көруге болады. Бүгінде мұнда бірқатар әлеуметтік нысандар жөнделіп, өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалды. Әрине, ауылда мәселелер де бар. Біз оларды кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешеміз. Біз білім беру саласын дамытуға ерекше мән бермекпіз. Ұстаздар қауымы мектептің толып кеткенін орынды көтерді. Сондықтан жаңа оқу корпусын салу — алдағы уақыттағы басты басымдықтардың бірі болмақ. Біздің ең басты міндетіміз — әлеуметтік нысандардың жұмысын жақсартып, ауылдағы медицина, білім беру мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау. Тасөткелде әрбір отбасы өзін жайлы сезініп, болашағына сеніммен қарауы үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз», — деді өңір басшысы.