
«Бабэк құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы бұл мектепті шілде айында тапсыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда оқу орнына инженерлік коммуникациялар тартылып, ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі барысында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев құрылыс жүріп жатқан нысанды таныстырып, өңірде қанша жайлы мектеп салынатыны туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 мектеп салу жоспарланған. Оның екеуі пайдалануға берілді. Біреуі Есет батыр шағын ауданында 2000 орынға және екіншісі Ақжар-2 тұрғын алабында 300 орынға арналған. Тағы 11 мектеп биыл пайдалануға беріледі. Тек біреуі – Оңтүстік-Батыс ауданындағы мектеп кешігіп басталды», – деді Аслан Жарасбаев.
«Саяжай-1» тұрғын алабындағы мектептің құрылысы екі жыл бұрын басталды. Қазіргі таңда нысанда 51 адам жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстары 91%-ға орындалды.
«Қазір мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат ішінде инженерлік желілер тартылып, ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Бұл оқу орны заманауи стандарттарға сай жабдықталады. Балаларға жан-жақты дамып, өз қабілеттерін ашуға тең мүмкіндік беріледі», – деді мердігер компания «Бабэк құрылыс» ЖШС өкілі Ақмарал Алимбаева.
Айта кетейік, 2023 жылы жайлы мектептер салуға Ұлттық қордан 26,7 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы оның 25,6 млрд теңгесі игерілді. 2025 жылға 24,8 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Жайлы мектептер Бауырластар-3, Сазды, Жаңақоныс-2 тұрғын алаптарында, Алтын Орда және Есет батыр шағын аудандарында, Темір ауданының Кеңқияқ пен Шұбарқұдық ауылдарында және Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында да салынуда.