2028 жылғы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау мақсатында облыста «AQTÓBE» Олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады

2028 жылғы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау мақсатында облыста «AQTÓBE» Олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңір спортын дамыту жайы мен алдағы перспективалары талқыланды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың айтуынша, мемлекет пен жергілікті биліктің қолдауының арқасында өңірде спорт саласының тұрақты дамуы қамтамасыз етіліп отыр. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі басты жарыстарға, соның ішінде Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындауға ерекше назар аударылуда.

«2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу үшін олимпиадалық резерв жасақталды. Оған бокс, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, жүзу және басқа да спорт түрлерінен болашағы зор спортшылар енді. Бұл спортшылар жүйелі түрде дайындықпен қамтылып отыр. Оларға қажетті жағдайлар жасалуда: қаржыландыру, оқу-жаттығу жиындары және білікті бапкерлердің жетекшілігі қарастырылған», – деді Мейрамбек Махамбетов.

Облыс әкімінің бастамасымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен биыл «AQTÓBE» Олимпиадалық спорт клубы өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл клуб құрамына дзюдо, грек-рим және еркін күрес, бокс, таэквондо сынды бес спорт түрінен 40-тан астам спортшы енген. Жаттықтырушылар штабы тәжірибелі мамандар қамтылыпты.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің арнайы комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша өңір үшін басым саналатын спорт түрлерінің тізімі анықталды. Ақтөбе облысында олар: футбол, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, джиу-джитсу, каратэ, қазақша күрес, аударыспақ, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлері болып танылды. Бұл шешім өңірдегі тарихи қалыптасқан спорттық дәстүрлер мен жастардың жоғары әлеуетін ескере отырып қабылданған.

Мейрамбек Махамбетов биылғы жылдың ең маңызды спорттық жетістіктерін де атап өтті. Ақтөбелік спортшылар халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, дзюдо, жүзу, волейбол, күрес, парадзюдо, каратэ және ұлттық спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды. Аударыспақ бойынша облыс елдегі үздік өңір деп танылды.

Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Қобда ауылында өткен ұлттық спорт түрлері бойынша турнир ерекше атап өтілді. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен өткізілуі қатысушылар мен қонақтар тарапынан жоғары бағаланған. Қазақша күресте 80 келіге дейін салмақта ақтөбелік Бекзат Шакизаев, 80 келіден жоғары салмақта жамбылдық Ғалымжан Қырықбаев чемпион атанды. Ал бәйге жарыстары үш санат бойынша ұйымдастырылды: аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге. Әр санатта 30-ға жуық шабандоз қатысып, көрермендерге қызықты тартыстар сыйлады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірде спорт саласы серпінді түрде дамып келе жатқанын айта келе, Олимпиадаға дайындық барысында қарқынды бәсеңдетпеу маңызды екенін алға тартты.

«Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық қажет. Облыстың әлеуеті зор, спортшыларымыз – дарынды, оларға қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Алдымызда кемінде 10 олимпиадалық жолдама иелену міндеті тұр. Біз нақты нәтижелерді күтеміз», – деді әкім.