Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген – Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 31 жыл толып отыр.
Жаһандық маңызы бар жетістігімізді жадымызда сақтау бәріміздің борышымыз.
Талай жанға қасірет әкелген Семей полигонында 1949-1991 жылдар аралығында 11 мыңнан астам ақтөбелік әскери борышын өтеген. Қазір олардың шамамен 1800-ге жуығының көзі тірі. Көбісі – мүгедектігі бар тұлғалар.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы күніне орай зардап шеккен ақтөбелік ардагерлерді еске алу және тағзым ету үшін дәстүрлі түрде өңірімізде қоғамдық маңызы бар шаралар ұйымдастырылады.
Соның бірі 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен ардагерлерге арналған ескерткіштің алдында облыс және қала әкімдігі, қоғамдық бірлестіктер, жиналған қауым атынан гүл шоқтары қойылды.