Қазақстан Республикасының "Жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы мәлімет

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы мәлімет

 

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі Тұжырымдамасы мен іс-шаралар Жоспарын жүзеге асыру мақсатында өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде. 

 

Су ресурстарын тұрақты пайдалану:

Облыс аумағында суармалы алқаптар 30,2 мың га құрайды. Суармалы алқаптарда негізінен картоп, көкөніс, бақша және мал азығы дақылдары өсірілуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері дақылдардың вегетациялық кезеңінде су үнемдеу технологияларын қолдана келе, оң әсерін байқауда. Облыс бойынша 2022 жылы 20,5 мың га алқапта жаңбырлатып суару қондырғыларымен суару, 0,6 мың га тамшылатып суару әдістері қолданылды.

Сонымен қатар, жемшөп қорын дайындауда суарудың автоматтандырылған «ақылды суару» бағыты жүзеге асырылып, Valley және RKD маркалы заманауи жаңбырлатқыш машиналар қолданылуда.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысы бойынша 2025 жылға дейін суармалы алқаптарда су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жол картасы бекітілді. Бекітілген жол картасына сәйкес, 2022-2025 жылдары қалпына келтіру жоспарланған суармалы алқаптар жұмысы аяқталып, іске қосылған жағдайда су үнемдеу технологияларын қолдану 15,4 мың га алқапқа ұлғаяды деп күтіледі.

 

Тұрақты және  жоғары өнімді ауыл шаруашылығын дамыту:

Еңбек өнімділігін арттыру және жұмыстың тиімді нәтижелерін алу мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жинау жұмыстары кезінде жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі артып келеді.

Шаруашылық құрылымдарымен соңғы үлгідегі заманауи ауыл шаруашылығы техникалары сатылып алынуда. Мысалы, «ДиЛэнд» ЖШС, «Елім Табантал» ЖШС, «Ақжар Агро» ЖШС, «Қос-Истек Агро» ЖШС және т.б. («Джон Дир», «Клаас», «Нью Холланд», «Кейс» тракторлары, астық ору комбайндары, бүріккіштер, басқа да техникалар).

Сатып алынған өнімділігі жоғары техникаларда километр және гектарына орташа жанар-жағармай шығыны, нақты алаңның шығымдылығы, гектарына өнім өндіру жұмыстарының сипаттамасын компьютер арқылы көрсететін аспаптар (сенсорлар, датчиктер, навигаторлар) орнатылған. Яғни, шаруашылықтар цифрландыру элементтерін пайдалану және табиғи факторларды есепке алу есебінен шығындарын төмендетуге мүмкіндік алуда.

Сонымен бірге, облыстың шаруашылықтары («Айс» ЖШС, «Рад Агро» ЖШС, «Интер Агро» ЖШС, т.б.) нақты егіншілік технологияларын енгізудегі жетекші компаниялармен (Navistar-Asia) бірлесіп, навигациялық жүйелерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

 

Қалдықтарды  басқару жүйесін жетілдіру

Облыс орталығында қайталама шикізатты қабылдайтын бес пункт ашылды, 20-дан астам кәсіпкер жеке компоненттерді өңдеумен айналысады. Ірі кәсіпорындарда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды көздейтін «Жасыл кеңсе» жүйесі енгізіледі. Облыс орталығының әкімдігі қалдықтарды Басқарудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді аяқтауда.

Ақтөбе қаласында ҚТҚ бөлек жинауды енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру бойынша «Жасыл Даму» АҚ-мен (бұрын «Оператор РОП» ЖШС-мен) жұмыс жүргізілуде.  Жоба шеңберінде кәдеге жарату фракцияларын бөлек жинау үшін контейнерлер жеткізу басталды, қазірдің өзінде 1443 бірліктің 681 келді. 6 мамандандырылған қоқыс тасушы жеткізілді.  Сондай-ақ, жоба аясында Грекия өндірісінің сұрыптау желісі жеткізілді. Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан сұрыптау желісіне арналған үй-жай салу және нысанды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер алынды.

Облыс аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптау және қайта өңдеу саласын дамыту үшін жағдай жасау қабылданады. Жаңа ҚТҚ полигондарының құрылысы жүргізілуде, олар көму алдында ҚТҚ сұрыптауды қарастырады. Қобда, Мәртөк және Қарауылкелді аудан орталықтарында үш полигон салынды. Екі жұмыс жобасы (Бадамша және Шұбарқұдық), сондай-ақ төрт ТЭН (Ойыл, Ырғыз, Жүргенов және Қарабұтақ) жасақталды. ҚТҚ полигондарымен қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар нәтижесінде облыс бойынша 3,72-ден 4,65% - ға дейін ұлғайды, ҚТҚ өңдеу үлесі 7,2-ден 14,7% - ға дейін өсті.

Қалдықтарды жинау, шығару және көму бойынша инфрақұрылымды құру бойынша әкімдік қабылдаған шаралар халық үшін қызметтердің тұрақты жүйесін құрады.

 

         Ауаның  ластануын тазарту, «таза» көлікті дамыту

2020 жылы Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша Экология министрлігімен бірлесе 33 іс-шараларды қамтитын Жол картасы бекітілді. Бүгінгі таңда тұрақты сипаттағы 26 іс-шаралар орындалу сатысында, 3 іс – шара толық орындалды.

Соның ішінде өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына елеулі әсер ететін, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цехтарын жаңғырту және қайта жаңарту жобасын іске асыру басталды (шығарындыларды 30% төмендетеді) және Ақтөбе хром қосындылары зауыты шаңды және газды тазартатын қондырғыны қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде (шығарындыларды 50%-ға дейін төмендетеді).

 Сонымен қатар, бүгінде автокөлік құралдарын газ отынына ауыстыру үшін тиісті инфрақұрылым құрылды, қазірде облыста тіркелген автокөліктердің 26,1% (48 243 бірлік) газбен жұмыс істейді.

Бюджеттік ұйымдардың барлық көлік құралдары (850 бірлік) және қоғамдық көліктердің 60%-тен астамы газ отынына ауыстырылды.

Қаланың кәріз жүйесінен күкіртсутек шығарындыларын жою үшін негізгі 11 канализациялық сорғы станциясында соңғы екі жылда көмір сүзгі жүйелері орнатылды, 6 канализациялық сорғы станцияларында күкіртсіздендіру катализаторлары қолданылуда.

Нәтижесінде, «Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметіне сәйкес, ауаның ластану деңгейінің жоғары фактісі соңғы 5 жылда 18 есеге азайған.

   

Энергия тиімділігі

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының тұтынатын қуаты орта есеппен 905 МВт құрайды, оның ішінде жергілікті энергия көздерінің генерациясы – 424 МВт (47%). Электр энергиясын өндіретін негізгі көздер: «Жаңажол ГТЭС» ЖШС (82 МВт), «Ақтөбе ЖЭО» АҚ (76 МВт), «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ (68 МВт), АЗФ(110 МВт) және өзге де электр станциялары (88 МВт) болып табылады.

481 МВт (53%) мөлшеріндегі электр энергиясының тапшылығы Солтүстік көздерден алынады, оның ішінде «Жетіқара-Өлке» желісі бойынша – 253 МВт, Ресей Федерациясынан – 229 МВт.

«Жетіқара-Өлке» желісі 2008ж салынған. Желінің ұзындығы 487 км. Жобаға сәйкес желінің өткізу қабілеті – 250 МВт.

Жүктеменің ұлғаю динамикасынан, сондай-ақ «KEGOC» АҚ болжамына сәйкес 2028 жылға қарай электр энергиясының тұтыну мөлшері 1 270 МВт құрайды.

Осы орайда, 2030 жылға қарай электр энергиясының теңгерімін қамтамасыз ету үшін облыста дәстүрлі, жаңартылатын электр энергиясының көздерін дамыту, батыс өңірлердің энергетикалық байланысын күшейту және Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру сияқты барлық мүмкін нұсқалар қарастырылуда.

Осы мақсатта бүгінгі күні мынадай шаралар қабылдануда:

 

Жылу энергетикалық кекшкнді күшенді күшейту

2021 жылы орнатылған қуаты 57 МВт болатын «ГТҚ (газ турбиналық қондырғы) құрылысы арқылы Ақтөбе ЖЭО-ны кеңейту» жобасы бойынша ГТҚ құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жобаның құны 20,9 млрд. теңгені құрайды. Мердігерлік мекеме – «Qazaq Жер-Құрылыс» ЖШС.

Бүгінгі күні аталмыш қондырғыны іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа, ERG еншілес компаниясының тапсырысы бойынша («ЕРG Capitalprojects» ЖШС) Ақтөбе ферроқорытпа зауытының (АЗФ) кәдеге жарату газын жағу арқылы электр энергиясын өндіретін электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамалық ұйымдарда тәуелсіз талдау жүргізілуде. Аталмыш электр станциясының орнатылған қуаты 100 МВт құрайды.

«Kazakhmys energy» ЖШС қуаты 100 МВт газ турбиналы электр станциясын (ГТЭС) салуды ұсынып отыр. Бұл жоба еншілес компаниялардың отын-энергетикалық кешенінің қуаттылығының арттырумен байланысты және өңірдегі электр энергиясының тапшылығын жабуға бағытталған.

 

ЖЭК дамыту

2019 жылы жасыл энергетиканы дамыту шеңберінде
«Arm Wind» ЖШС компаниясы Қарғалы ауданында номиналды қуаты – 48 МВт жел электр станциясын (Бадамша-1) іске қосты.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында қуаты 48 МВт жел электр станциясының (Бадамша-2) екінші кезегі пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда бұл электр станцияларының жиынтық номиналды қуаты 96 МВт құрайды.

Бұдан басқа, «ЕРГ Капитал Проджектс» ЖШС қуаты
150 МВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні жел электр станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Электр станцияны іске қосу 2024 жылдың басында жоспарланған.

Бұдан басқа, «Aktobe WPP» ЖШС компаниясы Хромтау ауданында номиналды қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда Хромтау ауданында өтетін жел дәлізінің сипаттамаларын өлшеу үшін тиісті органдардан рұқсаттар алынып өлшеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың наурыз айында өлшеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

2024 жылдың соңына дейін қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының бірінші кезеңін іске қосу жоспарлануда.

2026 жылы қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда.

Жоғарыда аталған жобалар іске асырылғаннан кейін
650 МВт көлемінде жаңартылатын энергия көздерін іске қосу жоспарлануда.

 

         Экожүйелерді сақтау және тиімді басқару

Қазіргі уақытта облыста 126 балық шаруашылығы су айдыны бар, оның ішінде 99 балық шаруашылығы су айдындары табиғат пайдаланушыларға бекітілген, 29 су айдыны кәсіпшілік аулау, 8 әуесқойлық балық аулау мақсатында және 54 су айдыны көл-тауарлық және 8 тор қоршамада балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 7 жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызмет етеді. 2021 жылы Ақтөбе қаласы маңындағы ерекше қорғалатын «Қарғалы» табиғи қаумалын құру бойынша жаратылыстану-ғылыми негіздемесі жасалды. 2023 жылы техникалық-экономикалық негіздемесі жасалатын болады.

 Сонымен қатар, 2023 жылы ерекше қорғалатын «Көкжиде» қаумалының аумағын кеңейту бойынша, Ақтөбе қаласы маңында «Сазды» ерекше қорғалатын қаумалын құру бойынша және Шалқар ауданында «Бершүгір» ерекше қорғалатын табиғи аумағын құру бойынша  жаратылыстану-ғылыми негіздемесі жасалатын болады.

Бұл іс-шаралар жобалау аумағындағы табиғи кешендерді сақтау, аумақтағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерін сақтау мақсатында өткізіледі.

Дата публикации
12 декабря 2022