Ауыл жастарының белсенділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан істер аз емес. Десе де, ұяңдық ұялаған ауыл жастарының көпшілігі топ ішінен суырылып шығуға жасқанатын әдетін қоя алмай жүр. Жастар тұрмақ ересектердің өзі топ ішінен ойын жасқанбай жеткізе алатын кішілерге үрке қарайды. Жасы жиырмаға жеткен жігітің көпшілік алдында сөйлеуіне «Көшбасшылық қабілеттен ұяттың шекарасын аттап өтем бе?» деген қорқынышы кедергі. Десе де, алыс-жақын қалалардан келген студенттер ауыл балаларының тың идеялар мен жаңаша көзқарасын қалыптастыруда үлкен ықпалын тигізуде.
Жаңашылдыққа жаны құмар, қайырымды жастардан құралған топтың бірі – «Вaiganin_live» белсенділері. Аталған белсенді топ Ақтөбенің Байғанин ауданының жастарынан құралған. Инстаграм желісіндегі ресми парақшасына ауылдағы тазалық мәселесін көтеріп, бейнероликтер жариялаған жастардың бұл игілікті ісі көпшілік тарапынан рухани қолдауға ие болды.
Бірнеше жыл қатарынан жазғы демалысын туған жерінде өткізуге келген Мейірболат Шаңдыбаев пен Мейрамбек Шекернаев ауыл жастарының белсенділігі төмен, экологиялық жағдайы көңіл қуантарлық еместігін байқайды. Түрлі жолмен белсенділікті көтеруге тырысып та көреді. Бірақ үш ай жазғы демалыс кезінде жұмыс жасаудың аздық ететінін түсінген олар ЖОО бітіре салысымен ауылға келуді жоспарлап отырғандығын айтады.
Бүгінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің төртінші курсына аяқ басқалы отырған Мейірболат «LEADER-Q» жастар қоғамдық бірлестігінің координаторы болса, Мейрамбек «Ансар» ақпатарттық талдау орталығы жанынан құрылған еріктілер тобының жетекшісі. Екеуінің бастамасымен құрылған топта қазір 19 белсенді бар. Белсенділердің көпшілігі студенттер мен оқушылар.
– Алдыңғы жылғы құрамда ересектер де болған. Қазір де үлкендер тарапынан қолғабыс етуге, қолынан келген көмектерін беруге құштар жандар бар, – дейді жетекшілер.
Белсенділер негізінен ағартушылық бағытта жұмыс жасайды. Жәй ғана қоқыспен күресудің тиімсіздігін әлдеқашан түсінген.
– Халық тазалықтың жайына басшылық жауапты деп санайды. Бірақ қоқысты шашатын басшылық емес, тұрғындар. Ал тұрғындар шашуын тоқтатпаса, жирнағаннан пайда жоқ, – дейді топ мүшелері.
Дәл осы себепті, халықтың «санасындағы қоқысты» шығару үшін ағартушылық бағытта әрекеттенуде. Инстаграм желісіндегі парақшасында да түрлі бағыттағы адам санасының жақсы жаққа өзгеруіне ықпалы тиетін кітаптарды тегін, уақытша оқуға беруді бастап кеткен. Айтуынша, көпшіліктің қолы жете бермейтін кітаптарды қағаздар толтырмай-ақ оқырманға ұсыну әлдеқайда жеңілірек. Әрі кітаптан алған әсерімен бөліскен әр оқырман өзінің айналасындағыларға үлкен мотивация болмақ.
Мейрамбек Шекернаев:
– Қолымызда бар кітаптарды жинап, оқу марафонын ұйымдастырдық. Жастар өзін дамыту үшін қаражат құя алмайтын кездер де болады. Ал біздің мақсат қымбат кітапты қолжетімді ету. Кітап уақыша, тегін беріледі. Оқиды. Әсерімен бөліседі. Басқаларын ынталандырады. Көпшілік әуес болған дүниеге қашан да қызығушылық та көп болады. Осылайша тренд қалыптасады. Бәрі оқығысы келеді. Әдебиет адамға әсер етеді. Ұйықтап жатқан санаңды еріксіз оятады, – дегенді айтты.
Өздерін волонтерлар ретінде емес белсенді топ ретінде қабылдауды ұсынған «Вaiganin_live» жастары құжат жүзінде ерікті топ болып құрылуға өтініш білдірмеген. Жастардың ойынша, белсенді болу үшін ешқандай құжаттың қажеті жоқ. Әрі жыл басталысымен «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған», тек қағаз жүзінде жұмыс жасайтын, қағазбасты «кабинет адамы» болғанды жөн көрмейді екен. Бірақ мәселе ресми құрылуға ғана келіп тірелетін болса, құжат жасаудан қашпайтынын айтады.
Аталған топ ел ішінде карантин жарияланған сәтте, алғашқылардың бірі боп мұқтаждарға ас-ауқат таратуды бастаған болатын. «Балық берме, қармақ бер» деген ұранды берік ұстанатын топ дәл осы сәтте халықтың қармақсыз қалатынын сезгендей. Құны шамамен 250 000 теңге тұратын азық-түлікті таратып берген олар, қиын сәтте «халыққа демеу болған халықтың өзі» дейді.
Бүгінде «Вaiganin_live» белсенділері аудан орталығы Қарауылкелдінің бірқатар жерін қоқыстан тазартып үлгерген.
– Үлкен кісілерден «Ой біздің кезімізде мынадай болып еді, қазір ондай қайда..?» деген сөздерді жиі естимін. Маған ол кісі өздері жоғалтып, құртып алған дүниесін мақтанмен жеткізгендей әсер қалдырады. Балаларыма қазір бізде бар нәрсені «құртып алдым» деп «мақтанғым» келмейді! Сол үшін де халықтың санасын өзгеруге, мәдениетін көтеруге жұмыс жасаудамыз. Түсінсе, көрсе, білсе дейміз. Қазір жиналған қоқысты ауылдық округ әкімдігі алып кетіп жатыр. Қолынан келгенше көмек беруге әзір екендігін де айтты. Бар мәселені басшылыққа тіреп қойғымыз келмейді, – деді Мейірболат Шаңдыбаев.
Ағартушылықтың бір бағыты саналатын тазалық мәселесін тұрғындар санасына сіңіру мақсатында бұлақ көздерін ашуды да жолға қойған. Ақтөбедегі экология бағытында жұмыс жасайтын топтармен байланысып, талдар өсіруді де қолға алған. Айналасына тал егілген бұлақ басын демалыс орынына айналдыруды жоспарлап отыр.
Жігіттер көгалдандыруды да жолға қоймақ. Евгений Лазарчук есімді азаматтың көмегімен павловния талын жерсіндіруді бастап кеткен. Аталған көшет түрі 2 жылда 4 метрге дейін биіктейді екен. Талдарға деген қызығушылығы енді басталған топ мүшелері арнайы грант үшін жоба жасап, құжаттарын жіберіп те қойған.
Алдағы уақытта қорытындыланатын «Таза әлем» жобасы волонтерлар жылы үшін арнайы белгіленген 7 бағыттың бірі ғана. Республикалық «Жас ұлан» ұйымы ұйымдастыруымен қолға алынған жоба 300 мың теңгелік 68 қайтарымсыз грант ұсынып отыр. Аудан көлемінде 7 жоба тапсырылған.
– Бүтін бір қоғамды өзгерте алмасақ та, уақытымыздың тиімді өткенін қалаймыз. Жаман іске барғанда өзімізді ақтап алу үшін мың сылтау ойлап табамыз. Ал жақсылық жасау үшін мотивация керек. Кейбіріміз үшін жәй ғана жақсы іске бару ұят секілді көрінетіні де жасырын емес. Біреуден бір нәрсе күтетін, мақтау-мадақтауды қалайтын адамның мотивациясының күші сарқылады. Уақытын тиімді пайдаланып, тиімді іске жуық жүрген жан «сөнбейді» Мейлі, біз барлығын идеал қалыпқа келтіре алмаспыз. Бірақ бір отбасының, бір мұқтаж жанның күйін күйттеп, ризашылығын алсақ, біз үшін жетістік, – дейді белсенділер.
Олар қатарына қосылуға шақырмайды. Ықтияры ауып, қызығушылық танытқандарға есігі ашық. Жаста да қызметте де шектеу жоқ.
Арайлым ҚАСЫМ