Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі Өнер орталығында өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыстады.
Құттықтау сөзінде өңір басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттің болашағы әр азаматтың бірлігіне, жауапкершілігі мен еңбегіне байланысты екенін атап өтті.
«Жаңа кезең бізге жаңа жауапкершілік жүктейді. Өйткені еліміздің болашағы бүгінгі бірлігіміз бен еңбегімізге байланысты. Халқымыз әрдайым татулық пен ынтымақты бәрінен биік қойған. Осы орайда туған өлкесін еңбегімен дәріптеп, оның өркендеуіне үлес қосып, дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Асхат Шахаров.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар ақтөбелік мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Барыс» III дәрежелі орденімен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Серік Шангутов наградталды. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары ардагерлері кеңесінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Илюбаев «Парасат» орденіне ие болды.
«Құрмет» орденімен еңбек ардагері Инна Клявина, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС департаментінің директоры Асхат Өтегенов, мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова, №1 қалалық көпбейінді аурухана басшысының орынбасары Азамат Тұрышев және «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС директоры Ерлан Тлеукабылов марапатталды.
«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен еңбек ардагері, Ырғыз ауданының тұрғыны Қанатбай Жайшылықов пен «Есік» ЖШС қызметкері Күнсұлу Шаманова наградталды.
Сондай-ақ бірқатар ақтөбелік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар дүйсенбі, 26 қазан күні жұмыс істемейді.
Бұл ретте, 24 қазан, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді. ХҚКО-лар азаматтарды сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған орталықтарда өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.
27 қазаннан бастап ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы білуге болады.
Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге ведомстволық наградалар табыстады.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов қатысты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Сәния Қалдығұлова, Светлана Успанова және Болат Көптілеу марапатталды.
Сәния Қалдығұлова еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары және орынбасары, Ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық мәслихаттың хатшысы, 1999–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.
Еңбек жолын қалалық сүт зауытында инженер ретінде бастағанымен, Светлана Успанова кейін Ақтөбе облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бас маман, сектор меңгерушісі және әкімшілік-қаржы бөлімінің басшысы болды.
Ал Болат Көптілеу еңбек жолының көп бөлігінде Шалқар ауданы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімдерінде еңбек етті. 2020 жылдан бері аудан әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.
Салтанатты рәсімде Асхат Шахаров ардагерлердің мемлекеттік қызметті қалыптастыру мен дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Олардың көпжылдық тәжірибесі, кәсіби жауапкершілігі мен ел мүддесіне адал қызметі кейінгі буын мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі екенін жеткізді.
Марапат иелерінің атынан Сәния Қалдығұлова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен еңбектеріне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.
«Біз үшін бұл марапатты иелену – үлкен мәртебе. Көрсетілген құрмет пен еңбегімізге берілген баға үшін алғыс білдіреміз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді Сәния Қалдығұлова.
Облыс әкімі марапат иелерін Республика күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және бақ-береке тіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша Нұршашқан Ғаниқызы Ізбасарова Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Жаңа басшыны актив отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров таныстырып, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, жас буынның әлеуетін арттыру және олардың бастамаларын қолдау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Нұршашқан Ізбасарова 1990 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келген.
2011 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен, ал 2013 жылы осы мамандық бойынша магистратураны тәмамдаған.
Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасында қоғамдық жұмысшы болып бастаған.
2011–2013 жылдары облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында іс жүргізуші, 2013–2017 жылдары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бас маман болып жұмыс істеген.
2017–2023 жылдары облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарды. 2023 жылдың сәуір айынан бастап осы басқарма басшысының орынбасары болды.
Бұған дейін Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарған Әлімбек Тұралиев облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша Қайрат Қуантайұлы Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Жаңа басшыны актив отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров таныстырды. Өңір басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысты жетілдіруге қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Қайрат Қуантайұлы 1983 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. 2004 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша, 2018 жылы Қазақ-Орыс халықаралық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің экономика және басқару кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
Еңбек жолының басым бөлігінде Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік, экономика және қаржы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу салаларындағы бөлімдерінде қызмет атқарған.
2021–2023 жылдары Хромтау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп келді.
Ал бұған дейін мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы қызметін атқарған Амангүл Жаңбырбайқызы Қаратаева өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2026 жылғы 23 қазанда сағат 10:00-де, Некрасов көшесі №112 мекенжайында Облыстық еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен Республика күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сондай-ақ жұмыс берушілер мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар арасындағы байланысты нығайту.
Жәрмеңкеге өндіріс және қызмет көрсету салаларында қызмет атқаратын 15 ұйым мен кәсіпорын қатысып, 100-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынады. Қатысушылар қатарында №3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «ТОБЫЛ» ЖШС, «Дамыту Табыс Актобе» ЖШС, «Алабаева В.Б.» жеке кәсіпкерлігі және басқа да жұмыс берушілер бар.
Ұсынылатын бос жұмыс орындарының қатарында есепші, дефектолог, аспазшы, наубайшы, сату жөніндегі менеджер, жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бар.
Сонымен қатар, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты www.enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталынан да алуға болады. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша аталған платформада 3 500-ден астам бос жұмыс орны жарияланған. Еңбек нарығында білім беру, өндіріс, көлік және логистика, сауда және қоймалау, медицина және фармацевтика, құрылыс, қаржы, мұнай-газ салалары бойынша мамандарға сұраныс жоғары.
Естеріңізде болса, Астанада 10-11 қазан күндері Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі өткен еді. Екі күндік шарада Ақтөбе өңірінің ұлттық өнері, қолөнері, сәні, әдебиеті, музыкасы, театры және заманауи креативті индустрия бағыттары таныстырылды.
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров көрме-жәрмеңке қатысушыларын қабылдап, оларға алғысын білдірді.
Өз сөзінде аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап көрсеткенін тілге тиек етті. Креативті индустрияның өңірдің мәдени мұрасын танытуға, шығармашылық кәсіпкерлердің өнімдерін нарыққа шығаруға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
«Өңір креаторлары 22 бағыт бойынша өз өнімдерін ұсынды. IT-технологиялар мен цифрлық жобалардан бастап, әдебиет, театр, анимация мен концерттік бағдарламаларға дейінгі өнердің сан қырын көрсетті. Aqtobe Design сән кеңістігінде жеті дизайнердің ұлттық нақыш пен заманауи сән үрдістерін ұштастырған топтамалары, сонымен қатар Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкеде 24 млн теңгеге жуық өнім сатылып, екі күнде шараға 9 500 адам барды. Бұл – өңір креаторларының бәсекеге қабілеттілігінің, өнімдерінің сұранысқа ие екендігінің және Ақтөбе креативті индустриясының зор әлеуетінің айқын айғағы», – деді Асхат Шахаров.
Кездесу барысында Ақтөбе облысындағы Креативті қор өкілі Әсел Бөлекова мен ҚР Шеберлер одағының мүшесі, аспап жасау шебері, ұста әрі зергер Ерқосай Әбілов те сөз сөйледі. Олар креативті бастамаларды қолдау мен ұлттық қолөнер дәстүрлерін сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында көрме-жәрмеңкенің қатысушылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Асхат Шахаров басқосуды қорытындылай келе, шығармашылық мамандарды қолдау және өңірдің креативті әлеуетін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын алға тартты.
Ерлік, кәсібилік және көмекке келуге дайын болу - құтқарушылардың басты қасиеттері.
Барша құтқарушыға зор денсаулық, амандық, қауіпсіз кезекшілік және әрбір шақыртудан аман-есен оралуды тілейміз!
18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір өтетін Азия пара ойындары биыл 45 елінен келген 4 000-ға жуық спортшының басын қосты. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғайды.
Ойындардың ашылу салтанаты Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтті. Салтанатты шара аясында қатысушы елдердің ұлттық құрамалары шеру жасап, Қазақстан делегациясы да сап түзеп шықты.
Ашылу рәсімінде Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу мәртебесі — Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылғы Ханчжоу Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбековке және пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мерекеге бұйырды.
«Осындай ауқымды халықаралық аренада Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Кезінде мен де теледидардан өзім сияқты спортшылардың өнер көрсеткенін көріп, спортқа келген едім. Олардың жетістіктері мені жігерлендіріп, спорттағы жолымды бастауға шабыт берді. Бүгінде біз өз еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрміз. Біздің өнерімізді көрген өзге де жандар паралимпиадалық спортпен айналысуға ынталанып, өз күшіне сеніп, жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылады деп үміттенемін», — деді Дастан Мұқашбеков.
V Азия Пара ойындарының ашылу салтанатының басты шығармашылық тұжырымдамасы WABI — We Are Beautiful Individuals («Әрқайсымыз өз даралығымызбен әдеміміз») деп аталды. Бұл идея Аичи өңіріндегі дәстүрлі шай рәсімімен байланысты жапон халқының «ваби» философиясынан бастау алады. Тұжырымдаманың негізгі мәні — әр адамның өзіндік ерекшелігі мен даралығын дәріптеу. Ол мүгедектігіне, ұлтына немесе мәдениетіне қарамастан, адамдардың өзара құрметі мен бірлігі баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға жол ашатынын көрсетеді.
«Қазақстан Азия Пара ойындары өз бастауын алғалы тұрақты қатысып келеді. Әр төрт жыл сайын ұлттық құрамамыздың қатары көбейіп келе жатқандығы ерекше қуантады. Мәселен, Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан 131 спортшы сынға түссе, биыл еліміздің намысын 150 спортшы қорғайды. Бұл Қазақстанда паралимпиадалық спорттың жүйелі түрде дамып, мүгедектігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын айқын белгісі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың маңызы зор. Соның бірі — 2025 жылы заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітіліп, оларды мемлекет есебінен сүйемелдеу мүмкіндігінің қарастырылуы. Аталған қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025–2027 жылдарға тиісті қаржы бөлінген. Биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 сүйемелдеуші тұлға келді. Мұндай шаралар спортшылардың халықаралық жарыстарға толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасап, олардың жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне қосымша мүмкіндік береді», — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Қасқырбаев Марат Дайырұлы.
V Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар 12 спорт түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара садақ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис.
«Биыл Қазақстан Азия Пара ойындарында арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынап отыр. Бұл — біздің команда үшін тарихи сәт. Елімізде арбадағы теннис енді ғана қарқын алып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Дегенмен осы қысқа уақыт ішінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Енді міне, Азия Пара ойындарында алғаш рет өнер көрсеткелі отырмыз. Бұл — біз үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес. Алдағы уақытта Паралимпиада ойындарына да қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаймыз деп сенеміз», — деді арбадағы теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Айжан Бутимбаева.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындарының бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген. Жалпы 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар 24 қазанға дейін Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласындағы спорт нысандарында өтеді.
Қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жарыстарды Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.
«Ақтөбе» — «Ордабасы» матчы қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен бірге жаңа стадионның құрылыс алаңына барды.
Мердігер ұйымның өкілі құрылыс барысы, жұмыстың қазіргі кезеңдері және жобаның техникалық ерекшеліктері туралы баяндады.
Сондай-ақ Марат Омаров жабық футбол манежінде болды. Бұл — Батыс Қазақстандағы бірегей спорт нысандарының бірі. Манеж ауа райына қарамастан, жыл бойы футбол жаттығуларын өткізуге мүмкіндік береді. 2024 жылы аталған нысан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған-ды.
Ақтөбе облысында спорт инфрақұрылымын дамыту, дене шынықтырумен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл міндеттер Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа стадионның құрылысы мен өңірдегі футбол инфрақұрылымын одан әрі дамыту отандық футболды қолдау, жас спортшыларды даярлауға қажетті жағдай жасау және өскелең ұрпақты спортпен тұрақты айналысуға тартуға бағытталған.