Облыс әкімі Ақтөбеде түндегі қар тазалау жұмыстарын тексерді

Облыс әкімі Ақтөбеде түндегі қар тазалау жұмыстарын тексерді

Өңір басшысы Асхат Шахаров қаланы қардан тазалау жұмыстарын көру үшін кезекті тексеріс жүргізді. Ол облыс орталығындағы су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, Қалалық сүт зауыты, Шанхай ықшам аудандарының көшелерін аралап шықты.

«RR CONSTRUCTION» мердігер ұйымы Шанхай, сондай-ақ Қалалық сүт зауыты ауданында жұмыс атқаруда. Түрксіб көшесіндегі тұрғындар қар тазалапжатқан жұмысшыларға көмектесіп жүр екен. Облыс әкімі оларға ризашылығын білдірді.

Әкім ақтөбеліктерге кез-келген шұғыл мәселе бойынша 109 жедел желісіне хабарласуға болатынын еске салды. Қажетті шаралар жедел түрде қабылданады.

«ЖЕМ ДРИЛИНГ» компаниясы Кұрмыш және Мәскеу ауданының қарын тазалауда. Коммуналдық қызметтердің өкілдері жұмыстар күні-түні жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өңір басшысы жұмыс қарқынын әлі де арттырып, мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды тапсырды. Қар тазалауды жылдамдату үшін қала басшылығына кәсіпорындар мен ұйымдардан қосымша техникаларды тартып, су басу қаупі бар жерлерді басты назарға алуды міндеттеді.

Атап өтейік, жыл басынан бері қаладан 200 мың текше метрден аса қар шығарылды. 300-ден астам техника тек көшелерді қардан тазалау және шығаруға жұмылдырылды.