
«Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, бүгін 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт – дәстүр насихатына арналған. Негізгі мақсат – халқымыздың дүниетанымы, салт – дәстүр, әдет – ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, төл мәдениетіміздің алтын арқауы ұлттық ұстанымын насихаттау.
Бүгін , Жолмырзаев, Берсиев, Масатов, Шернияз көшелерінде орналасқан аудандық оқушылар үйі, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, Ойыл ауданы бойынша статистика басқармасы, «Ойыл бизнес-инкубатор қоры» мекеме қызметкерлері мен көше кәсіпкерлері және тұрғындарының бірлесе ұйымдастыруымен аудандық оқушылар үйі алаңында «Құт қонған, жақұт болған – Әз, Наурыз!» атты көше Наурыз мейрамы өтті. Шараға аудан әкімі А.Қазыбаев қатысып, халыққа мерекелік құттықтау лебізін білдірді.
Ата-бабадан жеткен жөн - жоралғылары мен дәстүрлерін ұлықтай отыра, айтулы шарада Тұсау кесер, Бесікке салу рәсімдері көрсетілді. Үлкендер ақ батасын беріп, ізгі тілектерін білдірді. «Жастық» сауда орталығында орналасқан «Меруерт» ательесінің қазақы ұлттық нақышта тігілген «Наурыз – 2024» туындыларынан сән үлгісі көрсетілді.
Ұлттық тағамдарға толы ақ дастарханнан, наурыз көже, ыстық бауырсақтан аудан тұрғындары ауыз тиіп, өз алғыстарын білдірді. Қазақтың асық ату, арқан тартыс сынды ұлттық спорттық ойындары ойнатылды. Мереке соңы қазақ халқының салт – дәстүріне байланысты сұрақ – жауап айдарына ұласып, жауабын тапқан тұрғындарға сыйлықтар табыс етілді.