
Біріншіліктің салтанатты ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, спортшылар қатысты.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде осындай деңгейдегі іс-шаралар шахматты өңірде және жалпы Қазақстанда дамытуға елеулі үлес қосатынын алға тартты.
💬«Халықаралық турнир Ақтөбе қаласында дәстүрлі түрде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Ақтөбе өңірі атынан спорт аренасында өнер көрсетіп жүрген жеңімпаз, жүлдегерлерін әрқашан мақтан тұтады. Біздің өңірде басқа спорт түрлері сияқты шахмат қарқынды дамып келеді. Ақтөбелік шахматшылар – халықаралық шебер Кирилл Кудеринов, Арыстанбек Оразаев, ФИДЕ шеберлері – Дмитрий Попов, Илья Моисеенконың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Турнир қатысушыларына сәттілік, сергектік және көптеген есте қаларлық жарқын сәттер тілеймін», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
💬 «Қазақстан осы жылдары әлемдік шахматтың астанасына айналды. Былтыр жылдам шахмат пен блицтен әлем чемпионаты, биылғы жылы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч өтті. Бүгін біз Ақтөбеде Владимир Дворковичке арналған халықаралық турнирге жиналдық. Мен халықаралық шахмат төрешісі болған әкемді еске алып, құрмет көрсеткен баршаларыңызға ризамын. Ақтөбе облысының әкімдігіне іс-шараны осындай жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік бергені үшін ерекше рахмет», - деді Аркадий Дворкович.
Ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогінің екінші кезеңінің жалпы кепілдік берілген жүлде қоры 23 млн теңгені құрайды. 9 тур бойынша өтетін шараға 15 елден 200-ге жуық спортшы қатысады. Олардың арасында халықаралық гроссмейстерлер, халықаралық және ФИДЕ шеберлері бар.
Турнир 27 маусымға дейін жалғасады. Оның аясында балалар арасындағы Youth Open U14 шахмат турнирі өтеді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында шахматтан 1303 үйірме жұмыс істейді, оның ішінде ауылда - 433 үйірме бар. 19,5 мыңнан астам адам үйірмелерге барады.