
Ауыл әкімдерінің есебі Саралжын ауылдық округінде жалғасты. Алдымен «Ауданның қақпасы» саналатын Бестамақ ауылында тұрғындарға есеп берген округ әкімі Тәжіғалиев Марат Тілепбергенұлы өткен жылдың еншісіндегі жұмыстарды саралап, алдағы міндеттер мен бөлісті.
Бестамақ ауылы аудандағы көгілдір отын құбыры тартылған аудан орталығынан кейінгі екінші ауыл. Өткен жылдың соңында орталықтандырылған ауыз су құбыры іске қосылды. Үш жыл бұрын жаңа мектеп салынды. Ауыл тұрғындарының ендігі тілегі – ұялы байланыс. Ол үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа толқын қабылдағыш антена тұғыры орнатылды. Ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ауылды күре жолға қосатын 1,5 шақырым жолдың мәселесі де биыл шешімін тапқалы тұр. Демек, мемлекет тарапынан мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ауыл тұрғыны Ербол Бисенов көпшілікті толғандырып жүрген тағы бір мәселе – малдың өрісі туралы сөз қозғады сонымен қатар, ауыл балаларына арнаулы ойын алаңы қажеттігін де алға тартты.
Ақкемер ауылында өткен есеп беру кездесуінде ауыл тұрғыны Лиза Бақытжанова ауылға газ құбыры қашан келетінін сұраса, Өтесін Қошқаров ауыл іргесіндегі шабындықты суландыру жүйесін реттеу, шабындықты малдан қору сияқты мәселелерді көтерді. Ақкемерліктердің негізгі тілегі тас жолға дейінгі 13 шақырым көтерме жолдың жайы. Бұл тілекте алдағы уақытта шешілгелі тұр.
Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы Айдарбаев аудан көлеміндегі өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін жою үшін тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берді. Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне аудандық мәслихат хатшысы Займолдин Сәкен Ғазизұлы, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Дархан Ғалымжан және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Төремұратов Мәулен Оралұлы қатысты.@Uil_gazet