Еңбек қауіпсіздігі - еңбек қызметі процесінде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі. Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (бұдан әрі - ЕҚжЕҚ) жағдайлары ҚР Еңбек Кодексімен реттеледі.
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі принциптері:
- қауіп көздерін жою немесе шектеу, жабдықты жаңарту;
- технологиялық процестерді, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын жетілдіру.
Еңбекті қорғау – құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық-техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактикалық, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі.
ЕҚжЕҚ бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру механизмі:
- Жұмыскерлер саны 50-ден астам өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыру үшін ұйымның бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген тұлғаға тікелей бағынатын ЕҚжЕҚ қызметі құрылады.
- Ұйымдағы ЕҚжЕҚ қызметі туралы үлгі ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.
- Жұмыскерлердің саны 50 адамға дейін болатын жұмыс беруші қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маман лауазымын енгізеді немесе ЕҚжЕҚ қамтамасыз ету жауапкершілігін басқа маманға жүктейді.
ЕҚжЕҚ қызметі немесе маманы:
- өндірістік, шаруашылық және басқа да үй-жайларды еркін аралап, қарап шығуға және құрылымдық бөлімшелерде қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауға;
- ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауға міндетті нұсқамалар беруге құқылы.
Ойыл ауданының прокуратурасы