Біз өмір сүріп жатқан қоғамда тіршілік етіп отырған соң ондағы қарапайым адамдар белгілі бір әдепке сай қарым-қатынас жасайтыны белгілі. Ал, күнделікті қызметінде тұрғындардың түрлі уәжіне құлақ асып, олардың мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілерге тиісті әдеп нормаларын сақтау басты міндет.
Мемлекеттік қызметшілердің басты ережесі саналатын Әдеп кодексі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен бекітілген.
Бұл кодекс мемлекеттік қызметкерлердің қызметтегі және күнделікті өмірдегі жүріс-тұрыстарының жаңа стандартын түзді. Соған сай мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкіл енгізілді.
Өйткені Әдеп жөніндегі уәкілдің міндетіне мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларының сақталуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне қайшы әрекеттердің алдын алу жұмыстарын үйлестіру жатады.
Осы ретте мемлекеттік қызметшінің моральдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн. Негізінен мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бос уақыттарында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Демек қызметкер барынша сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, кез-келген сәтте сабырлы, ұқыпты болғаны абзал.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жеке өмірінде де аңдап басып, өз ісімен өзгеге үлгі болуды естен шығармағаны жөн.
Олардың күнделікті міндеті қарапайым адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы жүзеге асырылатынын ескерсек, мемлекеттік қызметшіге кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілік қасиеттер де ауадай қажет. Қалай десек те, мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмір салты тиісті заң талаптарына толық сай болғаны дұрыс.
Өйткені ауданымыздың көркеюі мен дамуы, әрбір тұрғынның мұң-мұқтажының уақытылы шешімін тауып, халыққа жақын болып қолдау білдіру, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату әрқашанда мемлекетке сенімділікті арттыратыны сөзсіз.
Сондай-ақ, мақаланы Ойыл аудандық газетінің 13.06.2023 жылғы №24 шығарылымынан оқи аласыздар.
Е.М.Тлепов
Аудан әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл